«AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиаланың ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы ОҚУ мәжіліс залында «Білім және ғылым» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен жиын өтті. 30-тамыз Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада аталмыш күннің маңызы жайлы кеңінен сөз болды, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
Қоғамда конституционалды көзқарас және конституционалды мәдениет құрудың маңыздылығын айта отырып «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Арай Есенбек, «Әркім ең алдымен өзінен бастау керек. Жасаған іс-әрекетін конституциялық қағида, нормалармен салыстыра отырып, заңдарды сақтай отырып құқықтық мемлекет құрып отырғанымызды әрдайым сезініп отыру қажет. Сол кезде ғана Ата заңымызға сәйкес үлкен мақсаттарға жетеміз» деп атап өтті.
Жиын барысында бірқатар қызметкер «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен салтанатты түрде марапатталды.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасы туралы да ақпарат ұсынылды. Аталмыш құжат әрі Жол картасы 4 басымдық, 100 тармақ пен 452 іс-шарадан тұрады.
Жол картасы – бұл сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы бойынша көрсеткіштерді, мерзімін және орындаушылары көрсетілген нақты іс-қимыл жоспары.
«Бағдарламада қаланы дамытудағы өзекті мәселелердің шешілу жолдары белгіленіп, бірнеше бағытқа топтастырылған. Оны іс жүзінде тиімді іске асыру үшін арнайы Жол картасы әзірленіп, 452 іс-шарадан тұратын құжатта Сайлауалды бағдарламада аталған барлық іс-шаралар мен көрсеткіштер ескерілген және әр жылға бөлінген. Аталған Жол картасы барлық мемлекеттік органдармен келісілген, халықтың талап – тілегі ескерілген»,- деді өз сөзінде А.Есенбек.