Жаңа оқу жылы басталарда мектеп жасындағы балалары бар ата-ананың мойнындағы жауапкершілігі арта түседі. Балаларын мектепке қамдау керек. Жылда бағасы өсе түсетін мектеп формасын, оқуға қажетті құрал-жабдықты сатып алуға кез-келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, жыл сайын елімізде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмек ретінде «Мектепке жол» акциясы өткізіледі.
Білім күні қарсаңында дәстүрге айналған игі іс-шараны жалғастыру мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Лариса Тұрғынбаева шаһардың білім беру жүйесі қызметкерлерінің көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндерді құттықтады.
Жиын барысында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Орталық Комитетінің қаржылық қолдауымен оқушылар мен олардың ата-аналарына жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен сәттілік тілей отырып, науқан аясында балалар мектепке қажетті оқу-құралдар, мектеп формасы, спорттық киімдер сатып алуға ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Айта кетейік, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының барлық мүшелік кәсіподақ ұйымдары жыл сайын 1-ші қыркүйекке дейін көпбалалы кәсіподақ мүшелері мен өз мекемелерінің жалғызбасты аналардың балаларына жалпы сомасы 1 млн. 500 мың теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетеді.
Еске салайық, биыл міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілген. Атап айтқанда, қазір мектеп оқушылары поло жейде және футболка, водолазка, сондай-ақ түймелері немесе ілгегі бар тоқылған жемпір/кардиган кие алады. Сондай-ақ, галстук енді міндетті элемент емес.
Министрлік орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес келетінін еске салды. Мектеп формасы күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.
Ұл балаларға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, күнделікті және салтанатты жейде, түймесі немесе ілгегі бар жейде/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, водолазка) кіреді.
Қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, түймелері не ілгегі бар тоқылған күртеше/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, сарафан, водолазка) кіреді.