«Медиация туралы» Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді. Медиация туралы Заң қабылданғанына жеті жылдан астам уақыт өтсе де оны әлі көп азаматтар жете түсінбейді.
Медиация тәсілі әлемнің дамыған елдерінде ертеректе қалыптасқан әрі заңдастырылған. Медиацияны Америка, Аргентина, Ұлыбритания, Германия, Австрия сынды әлемнің ірі елдері кеңінен қолданып келеді. ТМД елдерінің ішінде медиация туралы заң бізге дейін Молдовада ғана болған.
Енді жалпы медиация дегеніміз не? ол қандай жағдайда қолданылады? ол қалай жүзеге асырылады? деген сұрақтарға келетін болсақ.
Медиация (латын тілінен mediatio – делдалдық, ағылшын тілінде – mediation) – дауды шешу жолында тараптардың өзара әрекетке түсуін жүзеге асыратын кәсіби медиатордың көмегімен және ерекше іс жүргізу жағдайлары бойынша дауды шешудің мүмкіндігі мол, осы дауға қатысушылардың біріге отырып мәселелерді шешу процессі. Медиатор дегеніміз, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға.
Ежелден қазақ халқы үшін бітімгершілік пен татулық – бұл билік айтудың ең озық өнегесі болып келеді. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі.
Ал, бүгінгі медиация осы сара жолдың жалғасы іспетті. Аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы. Медиация институты – қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Медиациялық тәртіптің мақсаты – тараптардың дауласуын болдырмай, даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу. Медиацияның тараптары жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін. Бұл жерде ескере кететін жайт медиатор медиация тарабы болып табылмайтынын назардан шығармауға тиіспіз.
Медиация сотқа дейінгі тәртіпте және азаматтық, еңбек, отбасы, басқа кұқықтық қатынастардан туындайтын дауларда, отбасы тұрмыстық қарым қатынас сипатындағы әкімшілік дауларда, жеңіл және ауырлығы орташа қылмыс санатындағы істер бойынша қылмыстық іс барысында қарастырылатын дауларда қолданылады.
Медиатор еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық тәрізді 5 қағиданы басшылыққа алады.
Соңғы уақытта халқымыз дауды шешу үшін сотқа емес, осы медиаторлар көмегіне жүгініп, оларды іздей бастағанының куәсі болып жүрміз. Бұл сіз бен біздің насихаттау бағытында атқарып жатырған жұмысымыздың жемісі деуге болады.
Тұрғындарымыз соңғы кездері соттағы дауласу бірнеше ай уақытын алатынын, қаржысы шығындалатынын түсінгендей.
Бұл азаматтардың медиацияға деген оң көзқарасы, оң ортақ шешімге келуге дайын екендіктерінен, құқықтық мәде¬ниеттің дамып келе жатқандығынан хабар береді. Жалпы, медиация қоғамдағы тұрақ¬тылыққа жағымды әсер береді.
Дегенмен де бұл бітімгершілікті насихаттау бағытындағы жұмыстарды тоқтатуға болады деген сөз емес. Керісінше одан сайын медиация рәсімін жетілдіріп, халықты бірлікке шақыруымыз керек. Халқымыз медиация рәсімі дауласушы тараптарды татуластырып, қаржылық шығынды азайтып, жылы қатынасты сақтауды, ең бастысы дауды шешудің ең ұтымды жолы екенін жете түсінуі қажет.
«Медиация туралы» ҚР Заңына сәйкес медиация рәсімін медиатор жүргізеді, яғни ол тараптармен кәсіби және кәсіби емес негізде медиацияны заң талаптарына сәйкес жүргізуге тартылған тәуелсіз жеке тұлға.
Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.
Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.
Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген; заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған; оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.
Қуаныш МЫХАНОВ