• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Адам құқығы – ең қымбат қазына

Автор:admin

Июл 8, 2023
Spread the love

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында адам құқығын қорғау мәселесін саяси жаңғырумен қатар қояды. Ал күні кеше өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында Президент бұл жүйені одан әрі нығайту жөнінде айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Еліміздің құқық қорғау мәселелерін ілгерілетудегі жоғары нәтижелілігін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде: «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді», деп атап өтті.
Біз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен кезең-кезеңімен ілгерілеп келеміз. Мұны ел Президенті «Мемлекетіміздің стратегиялық бағ­дарының басым міндетінің бірі – сая­си жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру» деп түсіндіреді. Ал бұл міндет соңғы үш жылда адам құқығын қорғау саласына едәуір өзгерістер енгізіп, осы бағыттағы жұмыстарды біршама ілгерілете түскені анық. Солардың ішіндегі елеулісі – Үкімет бекіткен Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспар.
Рас, Президент әу бастан адам құқығын қорғау саласын қашанда жеке-дара бөліп қарап, бұл мәселе бірінші кезектегі мәселе­ге айналды. Жоғарыда біз атап өткен жос­пар да саяси жаңғырудың маңызды бір кезеңі болып саналады. Жалпы, елімізде адам құқықтарын қорғау мәселесі егемендік ал­ған алғашқы жылдан ерекше назарда тұр. Осыдан 26 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымызда да еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, ең қымбат қа­зы­насын – адам жəне адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары деп бекітті.
Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияның алғашқы екі бө­лімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Жал­пы әлеуметтік жəне экономикалық, аза­мат­тық пен саяси құқықтың барлығын бір жерге біріктірсек те, нормалардың ішін­де адам құқының қорғалуы басымырақ түседі.
Отыз жылдан бері қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс».
Ең алдымен айтатынымыз – еліміз тə­уел­­сіздіктің алғашқы жылдарынан бас­­тап-ақ əлемдік деңгейдегі құқықтық қа­лып­­тың барлығын, соның ішінде адам мен аза­маттардың құқықтары мен мүд­де­леріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғаш­қы бабында да «Мемлекеттің ең қым­­бат қазынасы – адам жəне адамның өмі­рі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни еліміз ең бірінші орынға адамды қойды. Алдымен оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың барлығы Қазақ елін жай ғана мемлекет деп емес, адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп біледі. Сабырмен сансыз қиын­дықтарды жеңген еліміз ең бірінші мемлекет деген ұғымның емес, адам деген асыл құндылықтың бағасы биік тұратынын айшықтап берді. Кеңес заманында бұл ұғым керісінше еді. Бірінші орынға мемлекетті қойған Одақ одан кейін қоғамды, ал адам­ның құқын үшінші кезекке ысырып тастаған болатын.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы осыдан 73 жыл бұрын 1948 жылдың 10 желтоқсанында адам құқықтары мен бостандықтарының жалпыға бірдей мойындалуын, сақталуын және тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Бұл деклара­цияны ХХ ғасырдағы ең негізгі әрі маңыз­ды құқықтық құжаттардың бірі деуге болады. Адам құқығын қорғаудың нақты ережесі жазылған, барлығы 30 баптан тұратын декларация бүгінге дейін әлемнің 500-ден астам тіліне аударылды. «Еркіндіктің ұлы хартиясы» деп аталып кеткен халықаралық құжат әр адамның тумысынан тиесілі құқықтарын айқындап берді. Басқаша айтқанда, өткен ғасырдың басында болған қанды оқиғалар кез келген мемлекеттің алдымен адам тағдыры үшін жауапкершілі­гі болуы керектігін түсіндіріп берген еді. Себебі адамның өмірі – ешқандай саяси жүйенің ойыншығы болмауға тиіс.
Ал үш ғасыр патша өкіметінің езгісін көріп, 70 жыл бодандықта болған еліміз егемендігін жариялаған алғашқы күннен-ақ мемлекет үшін ең басты құндылық адам екенін айтып келеді. Қазақтың керемет қасиеті бар. Ол халқымыздың «Дүниеде адамнан асқан құндылық жоқ» деген таным-түсінігінен туындайды. Сол себепті де Ата Заңымызда мемлекет үшін ең бас­ты құндылықтың адам болып белгіленуі – заңдылық.
Адам құқығын бұзу оңай, қалпына кел­тіру қиын іс. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 9 маусымда «Қазақстан Республикасының адам құ­қық­тары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойып, ел Үкіметіне адам саудасының құрбаны болғандардың құқықтарын қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары, әйелдерге қатысты кемсітуді жою, бірлесу, пікір білдіру бостандықтарына, адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құ­қығы, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру, адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Ал адам құқықтары мен бостандық­та­рын, мүдделерін қорғау – әуел бастан Қазақстан саясатының басты бағыты болып саналады. Сол себепті де Мемлекет басшысының бұл Жарлығы осы жауапты шешімнің салмағын арттырып, жауап­кершілігін зорайта түсті. Адам құқықтары саласындағы нақты шараларды одан әрі жүзеге асыру саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екенін Президенттің өзі де атап өткен еді. Ал Жарлыққа заң саласының өкілдері «адам құқы дейтін басты құндылыққа құрметпен қарауды бағдарлайтын құжат болды» деген баға берді.
Ата Заңның басты принциптері мен идея­ларынан бастау алған Жарлықтан туын­дайтын міндеттер қандай? Еліміз Тә­уел­­сіз­дігінің 30 жылдығында адам құ­қық­­­та­ры мен бостандықтарын қорғау сала­сын­­да, демократиялық институттарды ны­ғай­туда маңызды жетістіктерге жетті. Әлем­дік тәжірибені негізге алған озық заң­нама жүйесі де талапқа сай енгізіліп ке­леді. Ал Президенттің адам құқықтарын қор­ғауға бағытталған бұл Жарлығы маңыз­ды сала­ның нәтижелі жұмыс істеуінің берік ірге­тасы болып қаланатыны сөзсіз.
Адамның ажырамас табиғи құқық­та­ры деген ұғым бар. Бұл құқықтар мен құн­дылықтар адамға туа бітеді. Жаратылыс­тың құдіреті сол – адам дүние есігін ашқан­да нәсіліне, дініне, тіліне, туған жері мен ұлтына қарамай бәрі тең және олардың құқықтары бірдей. Оның ең бастысы – өмір сүруге деген құқығы. Конституцияның 15-бабын есіңізге түсіріп көріңіз. Онда: «Әркімнің өмір сүруге құқы бар» деп ­жа­­­­зылған. Демек кез келген мемлекет ең алдымен адамның жайлы өмір сүруіне жағ­дай жасауы керек. Мұның сыртында адам­ның саяси, әлеуметтік, экономика­лық, мәдени, тіпті экологиялық құқықта­ры бар. Түптеп келгенде адам құқығы­ның сақ­талуы – мемлекет іргетасының берік­тігі бо­лып саналады. Себебі «құқық­­тық ниги­лизм» – өте қауіпті құбылыс. Егер заң орын­далмаса, жай қолжаулық болып қалса, халықта заңға деген құрмет қал­майды, мемлекет пен билікке деген сенім де болмайды. Ал тарихтан белгілі – мұндай сенімсіздіктің салдары өте ауыр. Сондықтан да ел Президенті­нің жо­ғарыда аталған Жарлығын адам құ­қық­­тарын толыққанды әрі тиімді қорғау тә­сіл­дерін түбегейлі өзгертетін маңызды құ­жат деп қабылдағанымыз жөн. Өйткені құқықтық актіде санамалап көрсетілген адам құқықтары еліміздің әр азаматына қатысты болғандықтан мұның бәрі мем­лекеттік құқық қорғау органдарының жұмысын қайта құруға және заң шығару қызметін жаңғыртуға алып келеді. Басқа­ша айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтін заңнаманы, сот жүйесі, прокуратура мен өзге де мемлекеттік орган­дардың жұмыс тәжірибесін қайта сүз­гі­ден өткізуге тура келеді. Бұл жерде мә­се­ленің мәнісі тек адам құқықтары­на қа­тысты жаңа Жарлық пен онда көрсетіл­ген іс-ша­раларды іске асыру жоспарына қа­тысты емес екенін айқын түсінген жөн. Се­бебі қолданыстағы заңна­ма мен сот тәжі­рибесін қайта қарау қажетті­гі – түсі­не білген жанға өте ауқымды жұмыс, ма­ңызды реформа. Ал бұл оңай шаруа емес.

Осының бәрі мемлекеттік органдар­дың азаматтық қоғаммен, ұлттық және ха­лық­аралық сарапшылармен, ғалымдармен сындарлы әріптестігіне жол ашады. Ең бастысы – Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сөзден нақты іске бет бұрғанын аңғартады. Осы тұста құқық қорғау органдары мен депутаттық корпус жұмыстарының тиім­ділігі таразы­ға түсері анық. Бір сөзбен айтқанда, адам құқықтарына қатысты мемлекеттік меке­мелердің барлығына маңызды әрі жауап­кершілігі зор миссия жүктеліп отыр.
Қазақстан – құқықтық мемлекет. Бізде бұл туралы арнайы доктрина да бар. Ал құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуі, елдегі демократиялық процестердің дамуы адам бостандығы мен құқығын сақтау сынды ең асыл құндылықтарымен тікелей байланысты. Басты ұстанымы да адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және оларға қысым жасауға жол бермеу болып қала береді. Жарлық Үкіметтің алдына жаңа міндеттер қойып, қызмет бағыттарын айқындап берді. Бұл іс-шаралар елімізді барлық қызметі құқық нормаларына бағынатын, әр азаматының қадір-қасиетін, бостандығы мен құқықтарын қорғауды алдыңғы орынға қойған құқықтық мемлекет ретінде сипаттайды.
Ерекше айта кетерлік жайт – маңызды Жарлықта белгіленген азаматтардың барлық өмірлік маңызды құқықтары Ата Заңымызда көрсетілген азаматтардың конституциялық құқықтарынан туындайды. Егер жағдайды жақсарту үшін жеке Жарлық шығару қажет болса, бұл осы салада жинақталған проблемалардың маңыздылығын білдірсе керек. Бастысы – қазіргі таңда азаматтық қоғам адам сау­дасы, әйел теңдігі, қоғамдық көзқарасты білдіру, өмір сүру құқықтарына қатысты мәселелерде сындарлы өзгерістер жасау үшін пісіп-жетілді.
Конституцияның барлық нормасы заң­дарда және заң актілерінде тікелей кө­рі­ніс табуы керек. Бұған елімізде барлық жағ­дай жасалған. Өйткені Конституция – қа­ғаз бетінде қалатын сөздер емес, нақты іс­тің алгоритмі.
Бір ғана мысал келтіре кетейік. Дүние­жүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай жыл сайын 30 шілдеде елімізде «Мен адам саудасына қарсымын!» ұраны­мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Дәл осы күні БҰҰ Бас Ассамблеясының «Адам саудасына қарсы күрес жөнінде­гі күш-жігерді үйлестіруді жақсарту» қа­рары бекітілді. Жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар халықпен, серіктес мекемелермен және полиция органдарымен бірге әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа ар­налған роликтер мен ақпараттар жариялап, азаматтарға құқықтық кеңес береді. Азаматтарға, оның ішінде өмірде түрлі қиындықтарға тап болған мигранттарға көмек көрсетіледі. Ал мұндай игі іске бастамашы болған акцияларға қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Осының бәрі не үшін қажет? Ең алдымен, халықты адам құқықтары және адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы саласында сауаттандыру үшін керек. Өйткені қоғамда «адамның қадір-қасиеті бәрінен қымбат» деген ұғым туралы түсінік қалыптасты­рып алмай, мықты мемлекет құру мүмкін емес. АҚШ-тың 39-президенті Джимми Картердің «Америка адам құқығын жасаған жоқ. Шындығына келгенде, адам құқы­ғы Американы жасап шықты» деген сөзі бар. Тарихи тәжірибеден туындаған бұл сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Сондықтан Ата Заңымыз айқындап берген, ал Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы» деп басымдық берілген адам құқығы әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде, іс-әрекетінде әрқашан бірінші орында тұруы қажет. Себебі адам құқығы қашаннан ең биік құндылық болып қала береді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика