Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өңір аумағында орын алатын жол-көлік оқиғасының алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, маңызы бар тас жолдар мен аудан аралық трассалардың бойына тәрбиелік маңызы зор, адамды жауапкершілікке шақыратын сөздер жазылған баннерлерді орналастырды. Аталған ауқымды баннерлерге «Жылдамдықты баяулат!», жол жүру қауіпсіздігін сақтау бойынша «Өмір жылдамдықтан маңызды», «Жол ережесін сақтайық» тәрізді ой салар сөздер жазылған. Және осындай жаднамалар жүргізушілерге таратылды.
Құлақпен естігеннен көзбен көрген пайдалы болады дегенді ескерсек, аудандық полицейлер көлік жүргізушілер арасындағы жолға таласу, жылдамдықты шамадан тыс арттырумен күресіп, жол- көлік апатын болдырмауды назардан тыс қалдырған емес. Сондай-ақ, жүргізушілерге жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау, мас халде көлік басқармау, арнайы тексерулерден тұрақты түрде өтіп тұру секілді жайттар түсіндірілді. Жол-жүрісі қағидаларын сақтау үшін көшелер бойына жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді. Жаднамалар таратылып, түсіндіу жұмыстары жүргізілуінің барлығы жол-көлік оқиғасын болдырмау, алдын алу мақсатында іске асырылуда. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.