Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету ерекше маңызды. Бүгінгі күннің маңызды міндеті — Әлеуметтік кодексті әзірлеу. Жаңа кодекс әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қол жетімді, түсінікті, заманауи білім базасына айналуы тиіс. Министрлік азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты түрде алу мәселелерін шешу үшін барлық нормативтік құқықтық актілерді қабылдады. Бұл қоғам тарапынан оң қабылданған маңызды қадам. ЕХӘҚМ зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша жұмыс жүргізуде Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін әлемдегі экономикалық жағдайға қарамастан өзгеріссіз орындап келеді. Зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытында төленеді. Жыл сайын тұтынушылық қабілетті сақтау үшін олардың мөлшері инфляция деңгейін ескере отырып арттырылады. «2020 жылы халықты қосымша қолдау үшін зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар екі рет индекстелді. Бұл арттыру 4 млн адамды қамтыды. 2021 жылдан бастап 2,2 млн-нан астам зейнеткердің жиынтық зейнетақысы 7%-ға арттырылып, базалық зейнетақы мен жәрдемақылардың өсімі 5%-ды құрады», — деді Серік Шәпкенов. Еңбек министрі сондай-ақ, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектігі, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылу жағдайлары бойынша 131,7 мыңнан астам адамға төлем орта есеппен 50%-ға көбейтілгенін айтты. 2020 жылдың қорытындысында бес әлеуметтік тәуекел бойынша 947,2 мың әлеуметтік төлем алушыға МӘСҚ-тан 257,3 млрд теңге төленді. «Бүгінгі таңда зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі ең өзекті мәселе – жинақтау жүйесін дамыту болып тұр. Жинақтаушы жүйе енгізілген 22 жыл ішінде жинақталған қаражаттың жалпы сомасы 12,9 трлн теңгені құрады. 162 мыңға жуық адам зейнетақы жинақтарын алды, оның орташа мөлшері айына 28 мың теңгені құрайды. Оң үрдістерге қарамастан, зейнетақы жарналарын төлеудің тұрақсыздығы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Ол қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына өзгерістер енгізу үстінде екенін атап өтті. «Мәселе зейнетақы жүйесін өзгерту жайында емес! Оны ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру және 2023 жылдан бастап жұмыс берушілерден міндетті зейнетақы жарналарын енгізу бөлігінде одан әрі жетілдіру көзделуде», — деп түсіндірді министр. Қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары Министр өз сөзінде лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуына тұрақты мониторинг және бақылау жүргізіліп отыратынын хабарлады. «2020 жылы тексеру нәтижелері бойынша 4,4 мың жұмыс беруші 7 мыңнан астам заң бұзушылықты жойды. 31 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, оларға жалақы бойынша 4,2 млрд теңгеден астам берешек төленді. Сонымен қатар, жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де сақталуда. Ағымдағы жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша 70 кәсіпорында қарыз 837 млн теңгені құрады. Банкрот болған немесе оңалтылу үстіндегі кәсіпорындардың берешегі ерекше алаңдаушылық туғызады, оның үлесі жалпы соманың 78%-ын құрады», — деп хабарлады Серік Шәпкенов. Министр сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шеңберінде 2,7 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізгенін, 3 мыңнан астам өндірістік объект аттестатталғанын хабарлады. Ішкі бақылауды 15 мыңнан астам өндірістік кеңестер жүзеге асырады. 2019 жылғы 17 маусымда Женевада Еңбек министрлігі Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандумға қол қойды. Республиканың 216 кәсіпорны осы тұжырымдамаға қосылды. 2020 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің саны 1 503 адамға өскен, ал 2019 жылғы 1 430 жағдай болған. Әкімдіктермен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, әлеуметтік әріптестік жүйесін күшейтуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылуда. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ірі және орта кәсіпорындардың 97,1%-ы және шағын кәсіпорындардың 46,8%-ы ұжымдық шарттармен қамтылған. Қызметкерлердің қысқаруына жол бермеу мақсатында әкімдіктер мен өңірлердің кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мың меморандум жасалды. «Бұл жұмысты жандандыру қажет, облыс әкімдерінің орынбасарларынан еңбек қатынастарын реттеу (еңбекті қорғау, жалақы бойынша берешекті бақылау) мәселелерін бақылауға алуды сұраймын. Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды және 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі Жол картасын іске асыруды қамтамасыз ету қажет», — деді Серік Шәпкенов. Еңбек министрлігінің басшысы ҚР Үкіметінің және кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы жаңа Бас келісімді келісу аяқталып жатқанын, оны қабылдау еңбек қатынастарының теңгерімді дамуын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеу шеңберінде өндірістік жарақаттану көрсеткіштерін төмендетуге және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқартуға ықпал ететін еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құру жөніндегі міндет шешілетін болады. Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді Этникалық көші-қонды ынталандыру шеңберінде 2020 жылы республикаға 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мың этникалық қазақ келген, оның ішінде 396 қандас отбасы қабылдау өңірлерінде (ШҚО, СҚО, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) қоныстанған. Ел экономикасын білікті шетелдік мамандармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. 2020 жылы бөлінген квота шеңберінде жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға 17,3 мың рұқсат берді. Қазақстандық қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып, ағымдағы жылға квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31% құрады. Қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру мақсатында өткен жылы заңнамаға елге келетін қоныс аударушылар мен этникалық репатрианттарға қолайлы жағдайлар жасауды; шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілердің шетелдік білікті қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен алмастыру жөніндегі міндеттемелерін көздейтін түзетулер енгізілді. «Көші-қон қатынастарын одан әрі дамыту шеңберінде 2021 жылы үш негізгі міндет айқындалды. Біріншісі – Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Екіншісі – қазақстандық қызметкерлерді шетелде жұмысқа орналастыру және құқықтық қорғау бөлігінде тиісті жүйені енгізу. Үшіншісі – кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз етуді кемінде 97% деңгейінде сақтау», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов. Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін қаржыландыру ұлғайтылды. 2021 жылы Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 120 млрд теңгеден астамға өсті. «Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бірқатар әлеуметтік төлемдер көзделген. 2020 жылы шамамен 1,9 млн адам балалы отбасыларды қолдауға бағытталған сомасы 635,3 млрд теңгеге 8 түрлі жәрдемақы мен төлемақы алды, бұл 2019 жылғы төлемдер сомасынан 71%-ға жоғары (372 млрд теңге). 2021 жылға осы мақсатқа 755,4 млрд теңге, оның ішінде бюджеттен 501,7 млрд теңге және МӘСҚ-тан 253,7 млрд теңге көзделген», — деді Серік Шәпкенов. Сонымен қатар, министр елдің барлық өңірінде жұмыспен қамту, оқыту және басқа да мәселелер бойынша көмек көрсету үшін отбасын қолдауға арналған 31орталық ашылғанын жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, республикалық бюджеттен мынадай жәрдемақылар төленеді: бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақы; бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы; көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға ай сайынғы жәрдемақы; 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім көрсету бойынша ай сайынғы жәрдемақы. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын жұмыс істейтін әйелдер үшін МӘСҚ-тан: жүктілік және босану үшін біржолғы және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы төлем төленеді. Бұдан басқа, жұмыс істейтін әйелдерге 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде міндетті зейнетақы жарнасы субсидияланады. ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 91%-ын цифрландырды Серік Шәпкенов өз сөзінде 2020 жылдың соңына қарай еңбек министрлігі әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша елеулі нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.
«Біз қызметтерді 91%-ға цифрландырдық, 44 қызметтің 40-ы электрондық, оның 18-і проактивті түрде ұсынылады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 12,4 млн қызмет көрсетілді, оның 7,8 млн-ы электрондық қызметке жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестері цифрландырылатын болады», — деді министр. Сондай-ақ, ол ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер порталын дамытуды жалғастыратынын атап өтті. Осылайша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік туады. Порталда техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің тізімі біртіндеп кеңейіп келеді, тауарлар мен арнайы әлеуметтік қызметтерді жеткізушілер саны өсуде, 2023 жылдан бастап инватакси қызметі ресурсқа көшеді. «Сонымен қатар, біз Цифрлық отбасы картасын құрумен айналысудамыз. Жоба өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды автоматты түрде анықтауға бағытталған және бұл азаматтарға әртүрлі мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін әлеуметтік қолдаудың белсенді кешенді шараларын ұсынуға мүмкіндік береді. Цифрлық әлеуметтік карта отбасының әл-ауқатының деңгейін болжауға қабілетті. Осылайша, жүйе оған енгізілген алгоритмнің арқасында азаматтардың көмекке жүгінуін күтпестен өмір сүру сапасын жақсартуға және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына қатысты алалауды болдырмауға көмектеседі», — деп нақтылады Серік Шәпкенов. Бұдан басқа, еңбек министрлігі электрондық еңбек биржасы порталын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Ресурста жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін көрсететін жаңа сервистер іске қосылды. Облыс орталықтарының, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың тұрғындары үшін жұмыс іздеушілерді және жұмыссыздарды тіркеу, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберу (әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы), ерікті қоныс аударуға көмектесу сияқты қызметтерді қашықтықтан ұсынуға жағдай жасалады. 2020 жылдың қарашасынан бастап, 14,5 мыңнан астам адам қашықтықтан қызмет алу мүмкіндігін пайдаланды. 11,7 мың азамат жұмыссыз мәртебесін алып, 3,4 мың адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілді. 1,6 мыңнан астам жұмыссыз адам жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алуға өтініш жіберді, олардың 80%-ын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мақұлдады. 2020 жылы портал арқылы 629 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 66%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты 2020 жылы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жедел шаралар кешені уақытылы қабылданды. 649 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. Оның ішінде жұмыссыз жастар қатысушылардың үштен бірінен көбін құрайды (32%) немесе 211 мың адам, 277 мыңы немесе 43 % әйелдер. Барлығы 437 мың адам, оның ішінде 319 мың адам немесе 73% тұрақты жұмыспен қамтылды. 210 мың адам субсидияланған жұмыспен қамтылды. Оқумен (қысқа мерзімді курстар, техникалық-кәсіби білім, «Бастау Бизнес») 70 мыңнан астам адам қамтылды, оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 33 мыңнан астам адам оқытылды. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 12 700 жеңілдетілген микрокредит және 44 900 қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Соның ішінде 1,4 мың микрокредит көпбалалы және табысы аз отбасыларға берілді. «Микрокредит алушылар қосымша 13,7 мың жұмыс орнын құрды. 5,8 мың адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды, оның ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен еңбекке жарамды жастағы 2,5 мың адам (жұмыспен қамтылды, бизнесті дамытуға мүмкіндік алды және тағы басқа) қамтылды», — деді Серік Шәпкенов. ҚР ЕХӘҚМ басшысы 2020 жылы жұмыссыздықтың ушығу қаупін азайту мақсатында дағдарысқа қарсы жаңа бағдарлама – Жұмыспен қамтудың жол картасы қабылданғанын және іске асырылғанын да еске салды. «Жол картасы 6,7 мың инфрақұрылымдық жобаны іске асыру кезінде тағы 239 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Дегенмен, жеке өңірлерге қатысты мәселелер бар. Біріншіден, жұмыспен қамтудың Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жоспарланған индикаторына қол жеткізілген жоқ. Екіншіден, Алматы облысында жобалық-сметалық құжаттама ұзақ уақытқа созылғандықтан, 6 мектептің құрылысы басталмаған. Биыл мұндай проблемалар болмайды деп сенемін», — деді Серік Шәпкенов. Бұдан басқа, басқа мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамаларды іске асыру шеңберінде 559 мың жұмыс орны құрылды, оның 386 мыңы тұрақты. Жалпы, жыл қорытындысында 1,4 миллионнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды, оның ішінде 783 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. 2020 жылғы 4-тоқсандағы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. Министр Мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды 2021 жылдың бірінші жартысының соңына дейін ұлттық жобаларға айналдыруды қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті. Бұл жұмыс «Amanat» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген бастамаларды ескереді. Оған сәйкес, 2021 жылдан 2025 жылға дейін 1,8 млн жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұдан басқа, ҚР Президенті жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын әзірлеуді тапсырған болатын. «Біздің ойымызша, олар ұлттық жобалар мен аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде қарастырылған экономикалық мамандандыруды, келешегі бар салаларды және өңірлердің барлық жобаларын ескеруге тиіс. Біз өңірлік карталардың құрылымы туралы ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігіне жолдадық. Оларды әкімдер мақұлдағаннан кейін Жұмыс орындарын құруды бақылау жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеде ескеру керек», — деді Серік Шәпкенов. ҚР ЕХӘҚМ басшысы, сонымен бірге, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 2021 жылға жоспарланған міндеттері мен индикаторларын ортаға салды. Біріншіден, 700 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту жоспарланып отыр, оның ішінде: «Бастау Бизнес» жобасы аясында 30 мың адам оқытылады, оның 6 мыңы жастар; Электрондық еңбек биржасы арқылы 5000 жұмыссыз жұмыс берушілердің сұранысы бойынша сұранысқа ие дағдыларға оқытылады. Жастарды жұмыспен қамту бөлігінде: «Бірінші жұмыс орны» жобасымен 1,5 мың адамды қамту; 10 мың мемлекеттік грант беру жоспарлануда. Еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу үлесі 24%-ға дейін ұлғайтылады. Екіншіден, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жалғасады. 2021 жылы 27 мыңнан астам жұмыс орнын құру арқылы 331 жоба жоспарланып отыр, оның ішінде 10 мыңнан астамы жобалар аяқталғаннан кейін тұрақты болып қалады. Үшіншіден, «ЕҢБЕК» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы мынадай мақсаттарға бағытталады: — басымдық берілген құралдар арқылы халықтың нысаналы топтарын жұмыспен қамтуды қолдау; — жұмыс орнында және онлайн оқыту арқылы экономика талаптарына сәйкес жұмыс күшінің біліктілігін дамыту; — өңірлер экономикасындағы зәкірлік кооперацияны және өндірістік тізбектерді дамытуға микрокредит беру арқылы жеке секторда жұмыс орындарын құруды қолдау.