Халық арасындағы «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға айналған сөз қай кезде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді. Отбасы — кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Туған ұясы атанған отбасы қажеттілігін ешқашан жоғалтпайды. Өйткені, ол белгілі бір әлеуметтік институт. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған немқұрайлылық таныту мүмкін емес. Қазақта «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаға не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді. Отбасылық құндылықтарының мәуелі бәйтерегі ол ана. Ана өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуымызға, халық үшін жанымызды пида етуге септігін тигізеді. Ананы әр үйдің шам-шырағы, жанған бағы, құндылықтардың негізін салушы деуге болады. Анадан алынған тәлім-тәрбие өмір бойына созылады, оның бітіп қалатын тарифі жоқ. Жанұядағы ана орны ерекше болып қалмақ: “Ол алғашқы күннен бастап,басты борышын, яғни тәрбие жұмысын атқарады”. Бойларымызға жақсылықты дарытқан, мардымды істер жасауға дағдыландырған барша аналарға мың алғыс! Шаңырақ құндылықтарының екінші бір сатысы жақындарымен жалғасын табады. Мәселен, жанұядағы ата мен әженің рөлі де айрықша. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары жасы кіші балаға өнеге болары анық. Кішкентай кезінен атасының, не болмаса әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ болса, оның арты тек жақсылыққа әкеледі. Тәлім-тәрбиенің негізі ата-анадан кейін қастарындағы жақын адамдардан үлгі алу арқылы қалыптасады, өзіндік жеке ұстанымдарды дамытуға септігін тигізеді. Сол бір сәтте баланың жанына демеу бола тұрып, оған тәрбиенің дұрыс берілуін қадағалау маңызды рөл атқарады. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі — ата-анадан, екіншісі — ұстаздан, үшіншісі-құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ.
R-ақпарат