Ел арасында «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген түсінік тарағалы бұқара халық мемлекетте бір жақсы өзгеріс, санада сілкініс пайда болады дегенге үмітпен қарайды. Оның ішінде әділетті жолда заңның қатаң сақталуына да ерекше мән берілетінін жоққа шығара алмаймыз. Бұл ретте сот жүйесіне тоқталмасқа тағы болмас.
Расында, осы саланың елдегі құқықтық нормаларына сай қарқынды дамуы, оңды өзгерістерге ұшырауы әрбір тұлғаның сот билігіне деген сенімін күшейтетіні анық. Осындай бастамалар кез келген адамның құқығы сот арқылы қорғалуына жол ашады. Президенттің соңғы үндеулерінде де, халыққа арнаған Жолдауында да біз айтып отырған Заңға қатысты реформа тақырыптың талқысына ілінуде.
Ата Заңымыздың басқа заңдардан, нормативтік-құқықтық актілерден үстемдігін қамтамасыз етеді. Оның бұрынғы Конституциялық кеңестен ерекшелігі – заңдардың, нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тек қана Президенттің, Үкіметтің, Бас прокурордың немесе судьялардың арыздары бойынша қарап қана қоймай, азаматтардың және заңды тұлғалардың да арызымен олардың құқықтарын, бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін қарап, сол туралы қорытынды шығару. Конституциялық сот кәдімгі сотта өткізілетін процесс сияқты ашық түрде өтеді. Тек мемлекеттік немесе басқа заңмен қорғалатын құпияларды сақтау үшін ғана жабық өтуі мүмкін. Конституциялық сотқа арызданушы немесе ұсыныс білдіруші азамат істің қарау өндірісіне қатысып, өз уәжін білдіре алады. Тағы бір айта кетерлік ерекшеліктің бірі – бұрынғыдай заңдардың ғана Конституцияға сәйкестігін тексеріп қана қоймай, мемлекеттік органдар шығарған нормативтік-құқықтық актілерді тексеріп, қорытынды шығару.
Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу мәселесі бойынша өзгерістер болғаны рас. Біріншіден, бұл үміткерлерді емтиханнан өткізу бұрынғыдай Жоғарғы Соттың құзырында емес. Енді оны дербес мемлекеттік орган – Жоғарғы сот кеңесі шешеді. Яғни, оның құрамында Жоғарғы Соттың ғана емес, облыстық, аудандық соттардың судьялары, адвокаттар, қоғамдық және заң тұрғысындағы ұйымдардың мүшелері бар. Осы өкілдер судья лауазымына үміткерлерді іріктеуге ықпал етіп, қатыса алады. Сонымен қатар, жақын арада судья лауазымына үміткерлерді екі жыл оқытатын Жоғарғы Соттың жанынан құрылған сот академиясы да Жоғарғы сот кеңесінің құзырына берілді. Ол дегеніміз судья лауазымына үміткерлер Жоғарғы Соттың немесе басқа соттың жүйесіне тәуелді болмай, бөлек органмен іріктеледі. Соның нәтижесінде қазіргі таңда емтиханнан сүрінбей өтіп, судья лауазымының резервіне түру үшін үміткерлер өте білімді болуы басты назарда. Айта кету керек, бүгінгі таңда емтихан тапсыру тәртібі тек тест тапсырумен шектелмеген. Әртүрлі жағдайға байланысты сұрақтар қойылып, эссе жазылады. Осы сынақтардан жақсы көрсеткішке ие болғандар ғана судья болуға үміттілердің қатарынан табылады. Бұрын төрт үміткердің екеуі емтиханнан сүрінбей өткен болса, қазір шамамен он үміткердің бір-екеуінің ғана бағы жануда. Осыдан-ақ судья лауазымына іріктеу талабының күшейгенін байқауға болады. Негізі осы ереже бекітілгеннен кейін қазіргі уақытта сот жүйесінде жұмыс істеп жүрген азаматтар ғана емес, адвокатура, прокуратура, тергеу орны сияқты басқа заң саласында қызмет етіп жүргендер судья лауазымының іріктеуінен өтуде. Мұны бір жағынан мүмкіндік әрі жетістік деп есептеймін. Өйткені олар өз қызметтерінде материалдық құқықты кеңінен пайдалану жағынан тәжірибесі болғандықтан, олардың білімі де мол. Сондықтан әрбірінің судья лауазымына үміткер болуға құқығы бар. Тіпті, бүгінгі таңда мен айтқан саланың өкілдері өз бақтарын сынап көруде. Одан бөлек, қазіргі уақытта бұрын судья болмаған және бірінші инстанция судья қызметінде істемеген, бірақ нақты құқықтық салада, яғни, салық, жер қатынастары, жер қойнауы сияқты бағытта жұмыс істеген мамандар конкурс арқылы апеляциялық сотының судьясы атануға мүмкіндік алуда. Өйткені сол мамандардың тәжірибесі, білімі, біліктілігі сотта қаралатын істерге тигізер көмегі мол деуге негіз бар. Яғни, осының алдында атап өткен салаға қатысты істерді әділ шешуге олардың ықпалы зор.
Қазіргі заң өзгерісіне сәйкес бүкіл мемлекеттің аппараттарына бөлінетін бюджеттің 6,5%-ы Жоғарғы Сотқа бөлінеді. Ал оны қандай мақсатта пайдалануды енді Үкімет шешпейді. Бұл қаржының тиімді түрде бөлінуі республикалық соттардың кеңейтілген алқа отырысында талқыланып, бекітіледі. Ол жасырын немесе ашық түрде дауыс беру арқылы шешіледі. Отырысқа әр облыстан бір судья және әр ауданнан бір судья, яғни, бір облыстан екі делегат қатысады. Бөлінген бюджеттің дәл осылай бекітілуі сот жүйесінің жергілікті атқарушы органдарынан тәуелсіз екендігін аңғартады. Осылайша судьялардың материалдық қажеттілігі, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты мәселесі Жоғарғы Сотқа бөлінген бюджеттің есебі арқылы шешіледі. Бұл сот жүйесінде алғаш рет қолға алынған шара.
Жалпы әр сотта бір немесе екі татуластырушы судья бекітілген. Яғни, қаралатын іс сот өндірісіне берілместен бұрын татуластырушы судьяға табыс етіледі. Ал ол тараптармен әңгімелесіп, пікірлерін тыңдап, құжат дәлелдемелерін тексеріп, татуластыруға тырысады. Егер бір-бірін кешіріп, бір мәмілеге келіп жатса, бітімгершілік келісім бекітіледі. Олай болмаған жағдайда, қаралатын іс сот өндірісіне, яғни, басқа судьяға беріледі. Былайша айтқанда, соттарда татуластыру шарасы жақсы қолға алынған. Нәтижесінде жалпы сотқа түсіп жатқан арыздардың саны азайып қана қоймай, татуластыру рәсімінен кейін соттың өз өндірісіне қабылданып жатқан істердің саны да едәуір төмендеді. Бұл атап айтарлық жетістік деуге болады. Сонымен қатар, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес даусыз шешілетін, яғни, сот процесіне қажет болып саналмайтын көп іс соттың құзырынан нотариустың құзырына берілді. Нақты айтар болсақ, дау тудыруға жатпайтын қарыз алу шарты бойынша қаралатын мәселелерді айтуға болады. Осылайша ұзақ уақыт сотқа арыз берілетін, сот процесіне қатысуды қажет етпейтін даулы мәселелер қысқа уақытта шешілуде. Бұл да сотқа түсетін арыз санының азаюына септігін тигізуде.