Жүргізіліп отырған реформалар тұрғысынан алғанда, Қазақстанның қазіргі дамуы жағдайында конституционализмнің идеялары мен принциптерін, олардың таралу деңгейі мен ұлттық заңнамада іске асырылу динамикасын терең түйсіну қажет. Бұл құқықтық постулаттар іске асуының негізгі нысаны ретінде Конституция түбегейлі қоғамдық қатынастарды реттейтін ең жоғары саяси-құқықтық акт болып табылады, сондықтан жаһандық сын-қатерлерге және мемлекет дамуының қажеттілігіне сәйкес оны одан әрі жетілдіріп отыру қажет.
Мемлекеттің Негізгі Заңының мазмұнында жалпы адами да, ұлттық та асыл мұраттар көрсетіліп, қоғам мен мемлекет тіршілігінің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Халыққа арнаған Үндеуінде Мемлекет басшысы былай деп атап өткен болатын: «Реформалар бағдарламасы – бұл Қазақстан қай бағытта барады деген сұраққа біздің жауабымыз. Жауап айқын әрі дәйекті – демократиялық даму жағына».
Демократиялық құқықтық мемлекеттің жұмыс істеуін қамтамасыз етудің бірден-бір шарты ретінде судьялардың дербестігі мен тәуелсіздігінің кепілдігін күшейту реформаның негізгі мақсаты болды. 1995 жылғы Конституция, сол жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлыққа сәйкес Президент жергілікті соттарды тағайындаса, Жоғарғы Соттың судьяларын Парламент Сенаты тағайындады. Төрелік сот таратылды. Судьялар алғашқы рет тұрақты мерзімге тағайындалды. Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сот жүйесінде жүргізілген реформалардың алды осындай еді. Елбасы Әділет органдары, сот төрелігін атқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз экономикадағы өзгерістерді тұрақтандыру мүмкін еместігін білді.
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, мемлекеттік-құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды құруда, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтауда құқық қорғау жүйесінің маңызды институты ретінде тәуелсіздік жылдарында сот, прокуратура органдарының ерекше рөлі қалыптасты.
Еркенұр Ерзия