Қазір ел ішінде ажырасу оқиғаларынң көбеюімен бірге өндірілмеген алимент көлемі де арта түсті. Бұл бір мәселенің екінші бір мәселенің туындауына ықпал етіп отырғанын аңғартады. Кейде астына қымбат көлік мініп жүрсе де, табысын жасырып көрсететін жауапсыз әкелердің көп кездесуі қоғамымызда бұл мәселенің өзекті екенін аңғартады. Сондықтан жауапсыз әкелерді алимент төлеуден жалтарта алмайтындай, керсінші жауапкершілігін күшейтетін, ал ана мен баланы материалдық көмексіз қалдырмайтындай жалпы алимент туралы заңнаманы заман сұранысына сай ету қажеттілігі сезіледі.
Шыны керек көп жағдайда аналарымыз құқықтық сауатының жеткіліксіздігінен алимент өндіріп алу ісіне мән де бере бермейді. Сондықтан алдымен алимент өндіріп алу ісін түсіндіре кетсек, отбасындағы ортақ кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы талапты сот іс жүргізудің бұйрықтық немесе талап қою тәртібімен шешеді. Яғни алдымен алимент даулаушы тарапынан сұраныс қажет. Көп жағдайда аналар намысқа тырысып немесе ашумен алименттен бас тартып немесе дер кезінде талап етпей жатады. Мұндай жағдайда анық білу керек нәрсе: егер, ерлі-зайыптылар арасында алимент төлеу туралы келісім болмаса, сот кәмелетке толмаған бір балаға ата-анасының ай сайынғы табысының және өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін; екі балаға – үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алуға құқылы. Ең бастысы әкенің өз баласының алдында міндеті, парызы екенін ұмытпаған жөн.
Еліміздің заңнамасына сай сот бұйрығында балалар он сегіз жасқа толғанға дейін алимент өндірілетіні анық көрсетіледі. Сот барысында алимент өндіру талабы анықталса кәмелет жасқа толмаған балаларды асырап бағуға алимент өндіру туралы сот шешімі дереу сот орындаушыларға жіберіледі. Одан әрі жеке сот орындаушыларының құзіретіндегі нәрсе. Яғни жеке сот орындаушылары өздерінің өндірісіне түскен сот бұйрығының негізімен атқару өндірісін қозғау туралы қаулы шығарып, сот шешімдерін мәжбүрлі түрде орындау шараларын қолдана бастайды. Егер әкенің қандай да бір алимент төлемеу туралы ойы болса оны заңнамамыз да, сот тәртібімен сот орындаушылары да мәжбүрлі түрде алимент төлеуге жеге алады. Осы орайда атап өтер жайт, қолданыстағы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңның 47-бабының 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес, егер өндiрiп алушы алиментті өндiрiп алудан бас тартса, атқарушылық iс жүргiзу өндірісі қысқартылуы тиіс деп көрсетілген. Бұл жоғарыда аап өткеніміздей алимент өндірудің машақатынан қашатын аналардың намысқа тырысып, қолды бір сілтеп қоя салуынан немесе ашумен шешім шғаруынан туындап жататын әрекеттер. Өкінішке қарай, соңғы жылдары нақ осы заң талаптарын негізге ала отырып, алимент өндіру ісін қысқартып тастау жиі кездесуде. Яғни сот орындаушылары «алиментті өндіріп алушы атқару өндірісін қысқартуды сұрап арыз жазды» деген сылтаумен істі қысқарту туралы қаулы қабылданып, алимент өндіруді тоқтатып тастауынан әлеуметтік те, материалдық тұрғыдан да қорғансыз аналардың жиі қиналып қалатынын байқаймыз. Сондықтан барлық аналар өзінің заңды құқығын пайдаланы алимент өндіруден бас тартпағаны жөн! Заңымыз өз дәрежесінде құқығын қор,ап тұрғында аналардың сол мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысуы қажет.
Осы орайда атап өтер жайт, кейде ажырастыру барысында ерлі зайыптылар өзара татуласып қалуы да бек мүмкін. Немесе құқықтық сауаттылығының төмендігінен атқарушылық өндіріс қысқартылып қалуы мүмкін. Өкінішке қарай осындай сәттерді өз мүддесіне оңай пайдаланып қалуға тырысатын әкелер де көп. Уақытша татуласқан ерлі-зайыптылар екі-үш ай өтпей қайта ренжісіп, екі жаққа кеткенде алимент өндіру қиындай бермек. Яғни қысқартылған атқарушылық өндіріс қайтадан жаңартылмайды. Осындай процестер сот ісін созып, өндірілетін алиментке кедергі болмақ. Кәмелетке толмағандарды он сегіз жасқа дейін асырап бағу үшін өндірілген алимент төленбей орта жолда қалса бала мен ана қиналып, өндірілмеген алимент істері көбейіп мәселелер қатары арта береді. Сондықтан әрқашан нақты шешім шығарғанда табандылық керек.
Көп жағдайда сот орындаушылары атқарушылық өндірісті қысқарта отырып, кәмелетке толмағандардың екінші ата-анасынан материалдық көмек алу құқығын бұзады. Көп жағдайда аналар қанша баламен ажырасып жатып осыны білмегендіктен құқығы бұзылып жатады. Бұл туралы Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Анар Талаптан «Халқымыз осындай заң талаптарын білмеу салдарынан көп опық жеп жатады. Мәселен заң талаптарын дұрыс түсінбейтін өндіріп алушылар атқару өндірісі қысқарғаннан кейін бұл өндіріс жаңартылмайтынын біле бермейді. Сөйтіп сотты кінәлап, өзінің бір кездегі нақты шешім шығара алмай әрі сәрі күй кеш кезін ұмытады. Сосын сотты кінәлайды. Тіпті кейде алимент өндіріп алушылар сол талабымен екінші рет сотқа жүгініп, ізденіп жатады. Ал, сот әрине Азаматтық процестік кодекстің талаптарына сәйкес, арызды қабылдаудан бас тартады. Өйткені, алдыңы сот бұйрығын негізге алады. Ал сот бұйрығының күші жойылмаған. Осындай бір түйткілдер сот ісінің күрделеніп кетуіне әкеліп соғады. Сондықтан алимент өндіру кезінде осындай жайттарды ұмытпаған жөн. Одан әрі түсіндіре кетсек алимент өндіріп алушы сот орындаушының қаулысына шағым беруге әрекеттенеді. Көбінесе, шағым беру мерзімін өткізіп алғанына байланысты арыз сот өндірісіне қабылданбайды. Осының салдарынан кәмелетке толмағандар материалдық көмексіз қалады. Содан келіп елімізде алимент өндіру ісі қиын деген түсінік қалыптаса бастайды» дейді. Шыны керек «алимент өндіріп ала алмай жүрмін» деген арыздар ел ішінде өте көп. Солардың бір себебі осындай істер деп айта аламыз.
Бұл да болса бүгінгі күні ажырасу көбейіп отырған сәтте халықтың опық жеп келе жатқан мәселесі. Сондықтан ерлі зайыптылар ажырасар алдында құқықтық тұрғыдан сауатты болса екен. Сонда сот пен халық арасында көп түсінбестік туындамас еді. Атап өтер жайт, еліміздің Бас прокуратурасының ресми деректеріне сүйенсек, елімізде үш миллионнан астам борышкер қарызын төлеуден жалтарып жүр екен. Қанша жерден алимент төлеушілерді жазалап, жауапкершілігін кқтеріп жатсақ та кейде азаматшаларымыздың құқықтық сауатының төмендігі осындай келеңсіздіктерге себеп болып жатады. Негізі еліміздің заңнамасы тіпті жұмыс істемеймін деген әкелердің өзіне алимент төлеу жауапкершілігін арта алады. Мәселен мұндай жағдайда еліміздегі орташа айлық көрсеткіштің 1/3 бөлігі есептеліп, сол бойынша азаматтан төлем өндіріледі. Әке баласы үшін жұмыс істеуге, борышын өтеуге міндетті. Атап өтер жайт, алимент бала санына қарай көбейе бермек. Еліміздегі орташа жалақы көлемінің өсіміне қарай балаңызды қатарынан кем қылмай өсіретіндей мөлшерде қаржы алу мүмкіндігіңіз бар. Сондықтан заңнама арқылы қамтамасыз етіліп отырған мүмкіндігіңізді әрқашан пайдалануға құқығыңыз бар дегіміз келеді.
Еркенұр Қонысбай