Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, оның тәуекелдерін жою жөніндегі мәжіліс өтті. Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, алдын алу жұмыстарын ширату және өзге де мәселелер талқыланды. Мәжілісті Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жүргізді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев өңірде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілгеніне тоқталды. Әкімдіктер мен жалпы мемлекеттік қызметшілерге ел алдындағы міндетті абыроймен атқару керектігін айтты. Пара беруші де, пара алушы да қатаң жазаланатынын жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, тіркелген қылмыстарды баяндады. Бірінші басшыларға жемқорлық тәуекелдеріне шынайы талдау жасап, күресті күшейтуді ұсынды.
Зерделеу көрсеткендей сыбайлас жемқорлық деректері әлеуметтік қорғау саласы, жер қатынастары, ішкі саясат, білім беру саласы, тұрғын үй саласы, құрылыс және денсаулық сақтау салаларында тіркелген.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов осы мәселеге қатысты өз ұсынысы мен пікірлерін білдіріп, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларын қызметті адал атқаруға, заңсыздыққа жол бермеуге шақырды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары осы бағытта нақты жоспар түзіп, жұмысты жандандырыңыздар. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, болдырмау бағытында облыс әкімдігі жанында комиссия бар. Осы комиссияның жұмысын күшейту бағытында сыртқы және ішкі талдау жүргізу бойынша ұсыныс беруді тапсырамын. Екіншіден, мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексін қатаң сақтау қажет. Сенім артқан елдің үмітін ақтау – міндетіміз, – деді аппарат басшысы.
Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылған жұмыстары бойынша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептері тыңдалды.