Cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттырудың тиімді құралдарының бірі — лауазымды тұлғаларды бас бостандығынан айыру орындарына апарып, қылмыс жасаған адамдарды ұстау шарттарымен таныстыру болып табылады.
Бүгін, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің бірлесіп ұйымдастыруымен Облыс әкімдігіне қарасты басқарма басшылары мен қала/аудан әкімдерінің орынбасарлары ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне қарасты №69 (тергеу изоляторы) мекемесінде болып, тар қапастағы түзету мекемесінің тыныс-тіршілігін көздерімен көріп қайтты.
Шара барысында лауазым иелері қатаң режимдегі мекеме қызметі мен изоляторда жатқандарды ұстау шарттарымен, төсек-орын мен медициналық бөлме, асхана, туыстарымен кездесу орындарымен толық танысып шықты.
Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен Департамент қызметкерлері лауазымды тұлғаларға тура жолдан таймауды, адалдықтан айнымауды ескертіп, пара алу мен қызмет бабын асыра пайдаланудың соңы ауыр жазаға әкеліп соғатынын жан-жақты түсіндірді.
Бостандықтың маңызын ұқтырған шара соңында темір тордың ахуалымен танысқан шенділер оңай олжаға ұмтылудың соңы — заң алдында қатаң жауапкершілікке соқтыратынын терең ұғынып, лауазымды қызметкерлерлердің елге адал қызмет етуіне мұндай бастаманың оң ықпал ететінін ашық жеткізді.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытындағы жүйелі жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын табатын болады.