• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Волонтерлікті өмір салтына айналдырғандар бар – Айсұлу Ерниязова

Автор:admin

Авг 8, 2022
Spread the love

Қазақстан еріктілер лигасы төрағасымен сұхбат

2020 жыл – Қазақстандағы волонтер жылы деп жарияланды. Осыған орай, елімізде мемлекеттің қолдауымен жастарды волонтерлікке ынталандыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынған болатын. Әсіресе пандемия кезінде республиканың түкпір-түкпірінде волонтерлар мұқтаж жандарға көмегін аямады.

«Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрағасы Айсұлу Ерниязовамен сұхбаттасып, лига жұмысы, елдегі волонтерлік қызмет туралы әңгімелесті.

– Айсұлу, Қазақстан еріктілер лигасы жұмысы туралы айтып берсеңіз?

– Біз қала мен еліміздің түрлі әлеуметтік маңызды және мәдени шараларына қатысамыз. Олардың қатарында «Универсиада-2017», «ЭКСПО-2017», «Алматының 1000 жылдығына арналған 1000 игі іс», «Өз қалаңыздың қаһарманы болу» акциясы, Star of Asia, Еуразиялық медиа форум, Almaty Film Festival, Қазақстан-Ресей жастары форумы, Іле-Балқаш фестивалі, «Jastar Alany» жастар саммиті және басқада көптеген форумдар бар. 2019 жылы «Қазақстанның волонтерлар лигасы» қоғамдық қоры «Ашық жүрек» қайырымдылық жобасын жүзеге асырды. Бұл бастаманы біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында Жастар жылының ашылуында айтқан болатынбыз. Жоба аясында 8 бағыт құрылды, олардың құрамына келесі қызмет бағыттары кірді: көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек, студенттерге тәжірибелік сабақтар ұйымдастыру, медициналық волонтерлік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіру, жануарларға арналған баспаналарды қолдау, ардагерлерге көмек және экотуризм. Біз осы жылы жұмысымызды «Birgemiz» жалпы тұжырымдамасынан бастадық.

– Волонтерлер лигасының қатарына кімдер қосыла алады?

– 14 жасқа толған кез келген азамат біздің ұйымға мүшесі бола алады. Ешқандай шектеу жоқ.

ЛИГАДАҒЫ ЖОБАЛАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

– Қазіргі таңда Қазақстан еріктілер лигасы қандай жобалармен айналысуда және мемлекет тарапынан ұйымға қандай қолдау көрсетілуде?

– Биыл біз еріктілер жылы аясында 2 республикалық жобаны жүзеге асырып жатырмыз: жастар арасында волонтерлік брендті танымал ету мақсатында «Ашық жүрек» және жоғалған адамдарды іздеуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою және апаттардың қауіп-қатерін азайтуға, волонтерлерді жобаларға тартуға бағытталған «Birgemiz: Úmit»  жалпыұлттық жобасы. Жобалар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылуда.

Жоба аясында 17 аймақта «Ашық жүрек» еріктілерді үйлестіру орталықтары ашылды. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық аймағындағы бастамашыл топтарға 107 шағын грант бөлінді. Жоба тобының өкілдіктері университеттер мен колледждерде ашылған. Университеттер ішінде және одан тыс жерлерде студенттердің волонтерлік қозғалысының моделі құрылды. Жастар үшін идеологиялық-ағартушылық тренингтер, шеберлік сыныптары және еріктілер тақырыбында тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады. Жастарға өзін-өзі көрсетуге, әлеуетін іске асыруға, жас көшбасшыларды анықтауға мүмкіндік беру үшін еріктілер қатарына салтанатты түрде бастама ұйымдастырылып, әр аймақта ай сайын үздік волонтерлер анықталады. Әр облыста волонтерлердің тобы құрылып жатыр.

Волонтерлердің өсуіне арналған арнайы жүйе құрылды, оған сәйкес кез келген адам бастапқы санатты ала алады, ал оның барысында идеологиялық өсуге сәйкес санаттар алынады. «Birgemiz» ұлттық жобасының жеті бағыты бойынша іс-шараны ұйымдастыру жалғасуда. Тәжірибе алмасу және волонтерліктің озық тәжірибесін енгізу жүзеге асырылады.

Осы жылдың қараша айының басында Алматы қаласында аймақ басшыларының форумы өтеді деп отырмыз

«Birgemiz: Úmit» бағытының волонтерлері адамдарды іздеумен, табиғи және техногендік апаттардың алдын алумен, халыққа түсіндіру жұмыстарымен, пандемия кезінде сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндірумен және қоғамдық орындарда маска тағу қажеттігін еске салумен айналысады.

Сондай-ақ, «Birgemiz: Úmit» жалпыұлттық жобасы аясында із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеу, апат қаупін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жобаларына еріктілерді тарту бойынша әртүрлі тақырыптарда оқыту курстары өткізілді. Шағын гранттар конкурсы өткізіліп, 68 жеңімпазға бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік берілді.

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ КӨМЕК

– Пандемия кезінде көп адам көмекке мұқтаж болғаны жасырын емес. Сіз басшылық ететін Лига карантин кезінде қандай жұмыс атқарды?

– Иә, дұрыс айтасыз. Пандемия кезінде волонтерлердің көмегі халық үшін ауадай қажет болды. Осындай қиын жағдайда біздің ұйым да шет қалмады. Біздің волонтерлер қайырымдылық жұмыстарымен айналысып қана қоймай, дәріханалар алдындағы кезектің алдын алу, мұқтаж жандар үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың – пневмония мен коронавирус инфекциясын емдеуге арналған антипиретиктерді, антибиотиктерді және вирусқа қарсы құралдарды тексеруді, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмектерге рұқсат етілген шекті бағаның аспандап кетпеуін қадағаладық. Біздің еріктілер дәрі-дәрмектерді зейнеткерлерге және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға есікке дейін жеткізді. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті және инфекция қаупін болдырмады. Карантин кезінде халықтың осал топтары өте қиын жағдайда болды, сондықтан біз көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жасадық. Бәріне көмектесуге тырысамыз. Сондықтан біз мұқтаж жандарға азық-түлік пен киім-кешектерді жеткізуді жалғастырамыз және оларға ерекше назар аударуды және олар үшін көптеген жобалар мен қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды ұмытпаймыз. Мұндай отбасылар өте көп, бірақ біз олардың барлығын қамтып, әрқайсысына көмектесуге тырысамыз.

ЕРІКТІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖЕҢІЛДІКТЕР

– Волонтер студенттерге қандай да бір қосымша жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Волонтерлік — бұл өз еркімен жүзеге асырылатын және ақшалай өтемақыны қамтымайтын жұмыс. Олар ең біріншіден тәжірибе жинайды, жаңа таныс, жаңа орта табады. Кейде ерікті атқарған жұмысы үшін концертке билет, жүзу немесе шет тілін үйрену сияқты түрлі курстарға тегін жолдама сияқты бонустарға ие болады. Айта кетейік, бізде кез келген адам қатыса алатын тегін тіл үйрету мен түрлі шығармашылық өнер курстары бар. Кейбіреулер волонтерлікті өмір салтына айналдырды. Волонтерлік адамның мүмкіндігін байытады, көп мамандыққа жол ашады. Сіз табиғатты қорғаушы, наубайшы, ағаш кесуші, гид, ресторатор, тіпті, дәрігер, мұғалімге де айнала аласыз.

– Шетелдік волонтер ұйымдармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып тұрасыздар ма?

– Шетелдік әріптестерімізбен достық қарым-қатынас орнатудамыз. Әртүрлі еріктілер ұйымымен байланыс жасаймыз, өз тәжірибемізбен бөлісеміз және басқа ұйымдардың тәжірибесін қолданамыз. Мысалы, Түркістан қаласында өткен жастар көшбасшыларының екінші съезінде біз халықаралық еріктілер ұйымдарымен байланыс орнаттық.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика