«Заң аясында қайырымдылық, волонтерлік қызметті ынталандыру мен дамытуға, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын мемлекеттік қолдауға бағытталған жаңа нормалар қабылданды. Негізгі жаңа нормалар мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының өзгеруін көрсетеді», – дейді Мәжіліс депутаты Вера Ким.Азаматтарды қайырымдылыққа және волонтерлік қызметке қатысуға ынталандыру үшін Заң шеңберінде қайырымдылықты және волонтерлікті ынталандырудың қаржылық емес шаралары көзделген. Сондай-ақ Заңда үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын гранттық қаржыландырудың жүйесін саралау қарастырылған.Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің айтуынша, жаңа форматты енгізу халықтың қажеттіліктеріне бағытталған өзекті бағыттар бойынша гранттар қалыптастыруға мүмкіндік береді.Анар Меңсейітова қазақтандық волонтерлер проблемасы туралы Менің есімім — Анар Меңсейітова. Мамандығым — дизайнер. Соңғы 14 жыл Англияда тұрамын. Жаңа британ брэндтеріне портфолио жасаудан бастап дистрибьютерлікке дейін қызмет атқарамын. Менің өмірімді көптеген жастар армандайтынын білемін. Сүйікті жұмыс, шабыт беретін орта, мейрімді қоғам. Бірақ менің туған-туысқаным Қазақстанда тұрамын. Үйге жиі келіп тұрамын. Келген сайын алаңдататын, көңілге кірбің ұялататын мәселе бар. Менің сіңілім — волонтер. Үйсіз-күйсіз, ауру, аш ит-мысықтарды үйге алып келіп, оларды бағып, ветеринарға апарып жүреді. Бірде сол сіңлім барып жүрген “Асенька” атты панасыз жануарлар орталығына Қарағандыдан бір әжей хабарласқан екен. Оның айтуынша, ауласындағы жаңадан туылған күшіктердің тезірек көзін құрту үшін, сол үйдің тұрғындары күнделікті жейтін азығына у қосып береді екен. Волонтерлер арасында бұл хабар лезде тарап кетті. Сол қалаға іссапарға аттанып бара жатқан әкем, аман қалған екі күшікті алып келді. Сіңілімді мейрімділікке тәрбиелеген ата-анам да мүмкіндігінше жан-жануарларды құтқаруға үлесін қосады. Олар өз табысының белгілі бір сомасын осы панасыз жануарлар күтіміне аударып отырады. Кішкентай кезімізде біздің үйде болмаған жануарлар аз шығар. Бәрін жақсы көретінбіз. Ал көшеде қаңғып жүрген ит-мысықты әкелгенде ата-анамыз ешқашан қабағын шытқан емес.
Қазіргі ата-ана балаларына қымбат ойыншықтар, девайстар алып береді. Бірақ мейірімге баулымайды. Мұндай пікірге панасыз жануарларды қорлап, жәбірлеп жүрген балаларға қарап келдім. Әрине, мейірім деген көшедегі ит-мысықты үйге тасу емес. Тым болмаса жанауарлар панасына келіп, бірер сағатын бөліп панасыз жануарарға қамқорлық көрсетсе ғой. Мүмкін баланың бойында өзгеге деген жауапкершілік, қамқорлық қасиеттері дамитын ба еді? Балаға қажеті қымбат дүние емес, жаман мен жақсының парқын ажыратуды үйрету. Біздің отбасыларда тәрбие емес, тыйым басым. Обал болады, ұят болады, жаман болады. Неге оның себебін түсіндіріп, тәрбиелік диалог құрмасқа?
Біздің қоғам сондай екіжүзді. Ит – жеті қазынаның бірі. Ит – адамның досы. Ал көшеде ит жетектеген адамды көрсе, «қазақ емессің бе? Ит жетектегенің не масқара?» деп сөгетінін жиі естимін. Тіпті бір діндарлар үйде ит ұстауға болмайды деген пәтуә шығарыпты. Мен құранды оқымадым. Бірақ ол жерде итке қарсы жазды деп ойламаймын. Қазақтың ырымдары көп әрине. Бірақ қазір заман өзгерді, мүмкіндіктер басқаша. Өткен заманда су тапшы болған шығар. Қазір ит күтіміне, тазалығына арналған құралдар жеткілікті, суды онсыз далаға шашамыз.
Сонымен әкем әкелген күшіктерге оралайын. Сіңілім күшіктерге қажетті екпе жасап, иесін табуға тырысты. Бір күшік жақсы жанұяға түсті. Ал екінші күшіктің жолы болмай қойды. Бірнеше иесі сіңіліме қайтарып берді. Соңғы иесінен өзі алып кетті. Ақыры Қарағандыдан келген күшік біздің үйдің бір «мүшесіне» айналыпты.
Жануарларға қамқорлық оларды орналастырумен шектелмейді. Волонтер жаңа иелерімен тығыз байланыста болады, жануарлар тағдырына алаңдайды. Суреттер жіберуін сұрап отырады. Ал өтініш орындалмаса, уайымдап іздей бастайды. Сол себептен кейде волонтерлар туралы теріс пікір қалыптасуы мүмкін. Тыным таппай, біреудің өміріне араласып жүргендей-ақ. Алайда волонтер үшін бастысы кезекті үйсіз, иесіз жануардан құтылу емес. Оған сенімді, қамқор қожайын табу.
Бұл орайда айтқым келетіні, егер асырап алған жануардан бас тартатындай себептер болып жатса, оларды айдалаға қалдырмай, алған жерге қайтарып беруге болады. Ал қайтаруға адамдардан ұялып, жануарды далаға тастау нағыз қатігездік.
Екінші күшікті орналастырудың қиынға соғуының басты себебі – оның ұрғашы болуы. Көп адам ақпарат жетіспеушілігінен бе, өздерінің немқұрайлығынан ба «стерилизация» деген ұғымның барынан бейхабар. Білсе де жасатпайды. Соның салдарынан, қалада, көшеде күннен күнге панасыз қаңғырып қалған жануарлар көбеюде.
Кез келген волонтерге айтса, олар стерилизацияны арзанырақ жасататын жерлерді айтуға, немесе тіпті өз қалтасынан шығынды өтеуге келіседі. Кей жағдайда ветеринарлық клиникалар стерилизацияны тегін жасайды. Мұндай жаңалықтарға волонтерлер құлағы әдетте түрік жүреді. Тек жаңа туылған күшіктерден құтылудың жауыз әрекеттеріне бара көрмеңіз.
Елімізде волонтерлерге қатысты көзқарас сәл өзгеше. «Ит-мысыққа, аң-құсқа емес, адамға жаның неге ашымайды» деген пікірлерді де естіп қаласың. Волонтерлер әдетте бала-шағасы жоқ, жалғызбасты адамдар деген жалған түсінік қалыптасқан. Бұл өте таяз ой, жалған стереотип. біраз волонтерлерді танимын. Көбісі табысты, отбасылы, жұмысбасты, жас мөлшері алуан адамдар. Оларды байланыстыратын не деп ойласам, өмірде адамнан басқа да тіршіліктің барын мойындауы сияқты. Яғни дүниенің иесі адамдар емес. Адамның басқа тіршілік иелерінен: өсімдік болсын, жануар болсын өзін жоғары қоймауы. Олар да табиғатымыздың бір ажырамас бөлшегі. Адамның жалғыз ғана артықшылығы – жауапкершілігі. Өйткені олар бізге тәуелді әрі әлсіз. Бірақ осы артықшылықтың өзі кейде кемшілікке айналып кетеді. Ал шетелде басқаша. Мұнда жан-жануарларға қарым-қатынас өзгеше. Волонтер болу үшін адамдар кезекке тұрады. Мұндағы жануарларға арналған паналардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Екі түрлі қарым-қатынасты көрген соң жануарларға жаның ашиды.
Бізде панасыз қалған жануарларды күтетін орталықтар өте аз. Тек екеуі барын білемін. Көбіне энтузиазммен ашылып, қаражат жетіспеушілігінен жабылып қалады. Себебі бұл ұйымдар волонтерлар қаражатының есебінен күн көреді. Арнайы қаржыландырылмайды. Бұл салада меценаттар жоқтың қасы. Ал орталықтардың шығыны көп, жануарларға күнделікті азығынан басқа дәрі-дәрмек, мамандар қызметі қажет. Көбінесе орталыққа түскен жануарлар ауыр жарақатпен келеді. Олардың адамардан қорқып қалғаны соншалық, қайтадан бой үйретуге де ұзақ уақыт кетеді.
Соңғы рет Қазақстанға келгенде кешқұрым итімді серуендетіп шыққан едім. Үйге жақындап қалғанда полиция қызметкері тоқтатып итімді неге тұмылдырықсыз шығарғанымды сұрады. Тұмылдырықпен иттің барлығы емес, белгілі түрлері ғана жүруі қажет екенін полиция қызметкерінің өзі білмесе, қалғандарына не жорық? Кейде әлеуметтік желілерде адамға айыппұл салынғанын көремін. Сонымен қоса ит иелері де заңды білмей жатады. Мысалы, заң бойынша итті далаға жалғыз жіберуге тыйым салынған. Көшеде иесіз жүрген ит-мысықтарды қалалық ұстап әкетсе, одан аман алып шығу қиынға түседі. Заң бұзатын адам да, қиянат көретін жазықсыз жануар.
Бізде шет елдерге жиі шығатын, саяхаттайтын жастар көбейді, олар өзге мәдениет, өркениетпен таныса бастады. Меніңше біздің елімізде де панасыз жан-жануарларға көзқарас өзгереді. Тек сол өзгеріс жылдамырақ болса екен.
R-ақпарат