Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетовтің, тұрақты комиссиялардың төрағалары мен депутаттардың, басқарма басшыларының және тиісті сала мамандарының қатысуымен қала азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті.
Бұл күні депутаттардың қабылдауына келген азаматтар әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты шешімін таппаған күрмеуі көп проблемаларын көтерді. Қаладағы кәріз жүйесі, асфальт төсеу, тротуар салу, бағдаршам орнату, балаларға арналған ойын алаңшаларын салып беру сияқты мәселелер бойынша көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Қалалық мәслихаттың депутаттары инфрақұрылым мәселелерін шешу қала бюджетінен бөлінетін қаржы арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Қабылдауға келген бірқатар азамат тұрғын үй мәселелерін де көтерді. Өз кезегінде оларға бұл мәселе бойынша заң аясында кеңес берілді.
Сонымен қатар, тұрғындар бұзуға жататын үйлер құжаттарының түпнұсқасы жоқтығын айтып жүгінді. Аталған мәселе бойынша «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында көмек көрсетiлетiн болады.
Көпбалалы отбасылар, аз қамтылған азаматтар алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша заң көмегін ала алады. Сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап сот шешіміне дейін өтініш білдірген азаматтардың мүддесі қорғалады. Осы орайда партия заңгер кеңесіне мұқтаж әрбір адамға тегін көмек көрсетілуі үшін бірқатар республикалық ұйымдармен меморандум жасады. Партияның қалалық филиалдарында аптасына екі рет қабылдау өткізіледі. Осылайша, қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Депутаттар қабылдауға келген тұрғындардың талап-тілектеріне ден қойып, оларды шешу жолдарын қарастырып, жиында көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын, оларды бақылауға алатындығын жеткізді.