Еліміз еркіндік алып, іргесі бекігелі қарапайым еңбек адамының кәсіподаққа сенімі арта түсуде. Оған себеп, сонау тоқырау кезеңінде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде еңбек адамдарының қасында өз міндетін атқарып, тек қана кәсіподақ қалғаны белгілі.
Кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің жанашыр ұйымы. Жұмыс беруші кәсіподақтың талабымен санасады, ал жұмысшы кәсіподаққа арқа сүйейді. Кәсіподақ қай кезде де жұмысшының құқығын қорғаудағы жауапкершілігінен бас тартқан емес. Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар жүгі ауыр десек те болады.
Осы жерде біздің №83 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысын айта кетсем. Кешегі елде төтенше жағдай жарияланған уақытта індеттің құрығына ілінген бірнеше кәсіподақ мүшесінің дәрі-дәрмек алуына, денсаулықтарын қалпына келтіруіне осы кәсіподақ ұйымы тарапынан материалдық көмек көрсетілді.
Қашықтықтан оқыту кезінде де ұстаздардың сапалы білім беруіне жағдай жасау мақсатында бірнеше педагогқа ноутбук алуға көмектер берілді. Одан бөлек, жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға түрлі қажетті заттарын алып берумен қатар, ұстаздардың денсаулығына шипа алу үшін санаториялар мен курорттарға жіберуі тағы бар.
Жалпы, еңбек қатынастарын реттеу кезінде кәсіподақтардың рөлі мен қызметі айрықша көрініс табады. Осылайша кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы дәнекер болумен бірге, Қазақстан заңдарының сақталуын ұдайы қадағалап, үнемі жұмысшының құқығын қорғауға белсене араласады.
Алға қойған жоспары айқын, мақсаты анық кәсіподақ ұйымы осы бағытта жұмысын жалғастыра беретіні анық.
Бүгінде біз үшжақты әлеуметтік серіктестік бойынша тығыз және ынтымақта жұмыс атқарудамыз. Яғни әкімшілігіміз саналатын Білім басқармасы, екінші жұмыс беруші ретінде Мектеп басшылығы және кәсіподақ.
Осы үшжақты келісімнің нәтижесінде қандай да болмасын жазатайым оқиғалар орын алса, жалақы берілмей кешіктірілсе, еңбек құқықтары бұзылса, еңбекке жарамсыз жағдайда төлем төленбесе, тағысы тағы, яғни жұмыскерге келеңсіздік туғызған барлық проблемалық мәселелерді арнайы комиссия отырысында талқылап, нақты нәтижелер шығарып отырамыз.
Алдағы уақытта да кәсіподақпен әріптестік қарым-қатынасымызды нығайтып, ұжым қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік жағдайын жасауда ынтымақтасып, тығыз байланыста боламыз деп Сіздерді сендіремін.