«Қайрат» ФК-ның Қазақстан чемпионатындағы алғашқы кезеңінде үздік волонтер атанған Дулат Жеңісов волонтерлік қозғалысқа қалай келгенін және бұл істің қандай пайдасы бар екенін айтты.
«Қайраттың» волонтерлік қозғалысы қазақстандық футболға алғаш енді. Қазіргі кезде клуб волонтерлерінің саны отызға жуық. Олардың ішіндегі ең белсенділері өз алаңымыздағы матчтарға дайындалуға көмектесіп қана қоймай, «Қайрат» ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға да қатысады.
Кез-келген ұжымдағыдай волонтерлер арасында да көшбасшы бар. Солардың бірі – Дулат Жеңісов. Ол жасаған жұмыстары бойынша Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңінде үздік волонтер атанды. Осы үшін Жеңіске серіктесіміз Modern Media Group компаниясы Nokia Lumia 630 ұялы телефонын сыйға тартты!
Көбісі Дулатты атаған кезде оның көшбасшылық емес, адамгершілік қасиетін айтады – қайырымды екенін, барлығын керемет жасауға тырысатынын және ашық мінезін.
Бір қызығы, Дулатқа футбол жат емес – ол бес жыл бойы бірінші нөмірлі спортпен кәсіпқой айналысып келеді және бүгінде өз жасындағы команданың капитаны! «Қайрат» ФК-ның баспасөз қызметіне берген сұхбатында ол волонтерлік қозғалысқа қалай келгенін және бұл істің қандай пайдасы бар екенін айтты.
– Дулат, біздің волонтерлік қозғалысымызға қалай келдің?
– Менің «Қайрат» ФК-ға қалай волонтер болғанымды айтар болсақ, басқалары секілді қарапайым – «Қайрат» ФК-ның ресми сайтындағы жазбаны көрдім де, сүйікті клубыма көмектесуім керек деп ұйғардым.
– Демек, бұған дейін «Қайраттың» жанкүйері болдың ғой?
– Әрине. Мен волонтерлікке келместен бұрын «Қайратты» қолдау үшін стадионға баратынмын, ойынды жібермеуге тырысып, нәтижелерін қарап отыратынмын.
– Сенің волонтер болуыңа не түрткі болды? Бұл оңай шаруа емес қой.
– Бұған дейін «Шексіз балалық шақ» атты ұйымда волонтер болдым. Сол жақта ұшқын жанды десек болады! Маған бұл қызық. Адамдармен танысып, біреуді сәл бақытты қылу үшін көмегімді көрсету және, ең маңыздысы, мұның бәрін тегін істеу. Волонтерлікте маған осы ұнайды. Ал қиындықтар мыңдаған көздерді көрген кезде ұмытылады және, ең маңыздысы, ол көздер бақыттан жарқырап тұрады!
– Волонтерлікке сенің ата-анаң қалай қарайды?
– Қарсы емес. Олар менің белсенді өмірге қатысуыма мүмкіндік беретініне қуаныштымын.
– «Қайрат» ФК-да қанша дос таптың?
– Бұл клубта енді достарым көп! Біреулерді мен шақырсам, басқаларын осы жерде кезіктірдім. Жаңа достармен өте көп таныстым. Біздің волонтерлік қозғалысымыз үлкен жанұя сияқты.
– Волонтерлікте қай күн ерекше болды?
– Бұл жақында еурокубок Алматыға қайта оралғанда болды. Бұрын әр матчқа үш сағаттан дайындалатын едік, енді Еуропа лигасына дайындық үш күн бұрын басталды және сол күндер өте ауыр болды.
– Волонтерлік сенің болашағыңа қаншалықты маңызды?
– Көп жағдайда көмектесетініне сенімдімін. Волонтерлікте көп адам ашық, белсенді бола бастайды, жиі күліп жүреді. Ең маңыздысы, волонтерлер жаңа ұжымға тез үйреніп кетеді.
– Сенің бұрыннан футболмен айналысатының белгілі. «Қайратта» ойнағың келмей ме?
– Шынымды айтсам, бұл – менің арманым. Бір күні орындалады деп үміттенемін. Бала кезімде «Қайратқа» ауысатын мүмкіндігім болды, бірақ сол кезде реті келмеді. Футболшы ретінде кеудемдегі ромб үшін ойнап, клуб тарихында өз есімімді қалдырғым келеді. «Қайратта» ойнау – мен бағындыруға ұмтылып жатқан Шың!
Ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» сөзінен шыққан. Өз еркімен, өзінің есебінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы деген мағынаны білдіреді. Бұл термин әлемде ең алғаш 1600 жылы қолданылды. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды солай атаған көрінеді. Кейін келе барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу таңылды. Қазіргі қоғамда түрлі діни көзқарастардың белең алуы, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында қылмыстың өсуі, маскүнемдік, шылым шегу, нашақорлық, өз-өзіне қол жұмсау, жас отбасылардың ажырасуы жағдайларының көбеюі өзекті мәселе болып тұр. Осы түйткілді мәселелерді шешуде де еріктілердің кіршіксіз таза жүрекпен жасаған ізгілікті қызметтері керек-ақ.
Еріктілер көне дәстүрімізде «асаршылар», Кеңес одағы кезінде «тимуршылар» деген атпен белгілі болса, бүгінде бұл игі іспен әлем бойынша миллиондаған адам айналысады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда еріктілер қызметі 1991 жылдан бастау алады. Ал Еуропа елдерінде бұрынырақ, яғни ХІХ ғасырдың 20 жылдарынан пайда бола бастаған.
«ҚАЙРАТҚА» ҚАЛАЙ ВОЛОНТЕР БОЛУҒА БОЛАДЫ?
Клуб баспа шығарылымы, ғаламтор арқылы жарияланатын ақпарат және басқа тәсілтер бойынша волонтерлерді тұрақты негізге ала отырып шақырады.
Волонтерлікке кандидаттарға талап:
• 16 жастан үлкен;
• волонтерлік қозғалысқа қатысу үшін бос уақытының болуы;
• жасалатын жұмысқа жауапты қарау.
«Қайрат» ФК-ның волонтері болу үшін тілек білдірушілер жоғарыда көрсетілген талаптарға сай болып, волонтер анкетасын толтырып, клубтың электронды мекен-жайына жіберуі тиіс: kairatvolunteer@gmail.com.
Волонтер анкетасын толтырырған соң тілек білдіруші волонтерлікке кандидат болады. Барлық кандидатпен клубтың тиісті маманы әңгімелеседі. Клубтың шешімі кандидатқа әңгімелескен уақыттан бастап үш жұмыс күнінің ішінде жарияланады.
Қабылданған кезде кадидат өзінің жеке ақпараттары жазылған қорытынды анкетаны толтыруы қажет.
Әр волонтер өзінің Клубтағы волонтерлік қызметінен кете алады. Бірақ бұл шешімін клубқа ескертуі тиіс.
Клубтың кез-келген уақытта волонтерлік қозғалыс кезінде міндетін дұрыс атқармағаны үшін, Жарғының тәртібі бұзылғанда, клуб маманының талабы бұзылғанда хат арқылы хабар беріп, волонтердің қызметінен бас тартуға құқы бар.
R-ақпарат