• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ВОЛОНТЕРЛЫҚ – АҚЖҮРЕК ҚЫЗМЕТ

Автор:admin

Июл 9, 2022
Spread the love

2020 жыл Қазақстандағы «Волонтерлер жылы» деп жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысы волонтерлікті ұлттық деңгейде ғана емес, әр қала мен ауылда да дамыту қажеттігін атап өтті. Содан бері елімізде волонтерлық қозғалыс аясында атқарылған жұмыстар туралы «R-ақпаратқа» берген сұхбатында «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалардың ерікті бірлестігінің нұсқаушысы Айдана Мақышева айтып берді.

– Айдана Расылханқызы, көпшілік Сізді волонтерлық қозғалыстың белсендісі ретінде жақсы біледі. Ал бірақ бұл салаға қалай келдіңіз?

– Менің волонтерлықпен айналысып жүргеніме 6 жыл болды. Бүгінге дейін «Ұлттық волонтерлер желісі» ұйымының нұсқаушысы ретінде ел бойынша көптеген жобаларды жүзеге асыруға қатыстым. Әрине, мұның барлығы еріктілер қозғалысына қатысуымның нәтижесі деп білемін. Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында мектепті бітіргеннен кейін 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жоғары оқу орындарының біріне оқуға түстім. «Қаржыгер» мамандығын меңгерген студенттік жылдары волонтерлер қозғалысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болған едім. Сол кезде мүмкіндігі шектеулі жандарға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмектескім келді. Кейін волонтерлікпен айналысатын студенттердің қатарына қосылып, қайырымдылық шараларға ат салыстым.

Уақыт өте келе кешегі студенттер оқуын бітіріп, мамандықтары бойынша қызметке тұрды. Абырой болғанда мен волонтерлықпен айналыса жүріп, өзімнің өмірлік жарымды кезіктірдім. Ол да студенттік жылдары еріктілермен бірге қоян-қолтық жұмыс істеген болатын. Көп уақыт өтпей көңілдеріміз жарасып, шаңырақ көтердік. Дегенмен, мен волонтерлықтан қол үзген жоқпын. Бұл бағыттағы жемісті жұмысым басшылықтың көңілінен шыққан соң маған «Ұлттық волонтерлер желісі» ұйымының нұсқаушы қызметі сеніп тапсырылды. Бүгіндері мен ел бойынша еріктілердің жұмысын үйлестіріп қана қоймай, өңірлерде волонтерлыққа қатысты тақырыпта үшкүндік тренингтер, астанадағы жоғары оқу орындарында және аудандарда кездесулер ұйымдастырамыз. Бұл шаралар барысында студенттерге біздің ұйымның жұмысы, қолға алынған шаралар туралы әңгімелейміз.

– Былтыр еліміздегі волонтерлер қозғалысы жаңа биікке көтерілгені сөзсіз. Айналдырған бір жылдың ішінде еліміздегі волонтерлық бағыт қалай дамыды?

– Біздің еліміздегі волонтерлер қозғалысына он жыл толғанына қарамастан, көпшілік оның жұмысын әлі күнге дейін дұрыс түсінбейді. Қазақстандықтар «волонтер» – бос уақыты көп, не істерін білмей жүрген жастар деп ойлайды. Бірақ, бұл қате пікір. 2016 жылы елімізде Волонтерлер қызметі туралы арнайы заң қабылданған-ды. Бұл заң алғаш рет елімізде волонтерліктің тұрақты, жүйелі дамуының іргетасын қалады деуге болады. Осы сәттен бастап волонтерлік бастамалар заңнамалық негіз бен орнықты дамуға ие болды. Жалпы, қазіргі таңда волонтерлер қозғалысы қарқынды дамып келеді. Жалпы, біздің мәлімет бойынша, волонтерлер қозғалысына 50 мыңға жуық адам адам тартылған.

Бұл орайда «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының жұмысын атап өткен жөн. Бұл ұйым 2010 жылы Азаматтық Альянс бастамасымен Қазақстандағы БҰҰ-ның еріктілер бағдарламасы және өзге де волонтерлік ұйымдармен бірлесе құрылған болатын. Басты мақсат – азаматтар, азаматтық қоғам институттары, бизнес секторлар және мемлекеттік құрылымдар арасында волонтерлік, волонтерлік бастамалары мен волонтер мәдениетін қалыптастыру, қолдау және дамыту. Бірінші қысқы волонтер лагеріне 70-тен астам менеджерлер, волонтер үйлестірушілері және 35 қазақстандық ҮЕҰ волонтерлері қатысты. Ал бүгінгі таңда ол еліміздің 17 өңіріндегі 86 волонтерлік ұйымды біріктіреді.

Сондай-ақ, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі 2020 жылы Әзірбайжан волонтерлік ұйымдарының одағымен волонтерлік саласындағы әріптестік туралы меморандумға қол қойғанын атап өткен жөн.

– 2020 жылы коронавирустың таралуына байланысты елімізде карантин енгізілді. Нәтижесінде көптеген отандастарымыз күн көріс көзінен айырылып, қиын жағдайға душар болған еді. Сол кезде жұртшылыққа көмек қолын созған волонтерлердің еңбегі ерен болғанын білеміз. Еріктілер қозғалысының халыққа көмек көрсету мақсатында атқарған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсеңіз.

– Біз волонтерлықты дамыту бойынша жеті негізгі бағытты іріктеп алдық. Бұл – білім беру, медициналық, экологиялық волонтерлік, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға тәлімгерлік, техногендік апаттарды, төтенше жағдайларды жою кезіндегі еріктілік, қарт адамдарға, арнайы күтім көрсетілетін мекемелерде жүрген адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмек көрсету, сондай-ақ рухани-мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау бойынша волонтерлік. Атап айтқанда, волонтерлер «Asyl mura», «Bilim», «Saýlyq», «Sabaqtastyq», «Taza Álem», «Úmit» және «Qamqor» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.

Карантин кезіндегі «Ұлттық волонтерлер желісінің» атқарған жұмысына келер болсақ, «BIRGEMIZ» республикалық волонтерлер фронт-офисі жобасы аясында елордалық 375 волонтер азаматтарға 507 100 медициналық бетперде, ал мұқтаждарға 1011 азық-түлік себетін табыстады. Біздің волонтерлардың карантин кезіндегі жалпы экономикалық үлесі 21 млн теңгені құрады. Ал волонтерлер тартқан ірі мекемелер мен ұйымдар 185 млн теңгенің көмегін көрсетті. Бұл орайда,» және тағы қоғамдық бірлестіктерді атап өтуге болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еріктілерді даярлаудың білім беру орталықтарын ашу, әлеуметтік желілерде волонтерлік инфрақұрылымын құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2018 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Qazvolunteer.kz» платформасы құрылған болатын. Жалпы 3336 волонтерлік ұйымның басын біріктіретін бұл платформа жобаларды іздестіруді жеңілдетеді. Яғни, волонтер болғысы келетін кез келген адам осы платформаға тіркеле алады. Волонтерлық ұйымдар, органдар немесе мекемелер жобаға қандай да бір бағыт бойынша волонтерді шақыра алады. Белсенді жастар өздеріне жүктелген міндеттерді орындаған жағдайда оны шақырған орган волонтердің жұмысын бағалай алады. Әрі қарай, волонтерлердің портретіне қарай отырып, кез келген басқа ұйым бұрынғы тәжірибесі мен бұрынғы волонтерлік ұйымның бағасын ескере отырып, оны басқа жобаларға шақыру мүмкіндігін ие. Бүгінге дейін аталмыш платформа аясында ел бойынша 961 жоба жүзеге асырылған. Тағы бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

– Айдана Расылханқызы, елімізде волонтерлік дәстүрді дамыту үшін қандай қадамдар жасау керек деп ойлайсыз?

– Волонтерлер – бұл тек жастар ғана емес. Бүгінгі таңда еріктілер арасында 35-40 жастағы өте белсенді азаматтар да бар. Кәсіби тәжірибесі, жұмыс орны, білімі бар азаматтар. Волонтерлер – бұл ең алдымен өз тағдырына, өз өлкесінің тағдырына, жалпы қоршаған ортасына немқұрайлы қарамайтын жандар. Әрине, волонтерлер – бұл мейірімді, қайырымды адамдар, сөзбен емес, іспен жақындарына, қоғамға көмек көрсетуге, қоршаған ортаны, өз елін жақсы жаққа қарай өзгертуге дайын.

Елімізде волонтерлық дәстүрді дамытудың бірнеше жолы бар. Атап айтқанда, волонтердің еңбегі – ақысыз. Сонымен қатар, біз волонтерлық мүлдем ақшаны қажет етпейді деген аңызды сейілткіміз келеді. Алайда, еріктілер немесе волонтерлік ұйымдар жұмсаған шығындарға қаражат қажет. Волонтерлық қызмет шеңберінде өзіндік шығындар болады. Сондықтан жер- жерде еріктілерді моральдық және материалдық жағынан ынталандыру керек деп ойлаймын.

Жыл қорытындысы бойынша ынталандыру мақсатында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. Бұдан бөлек, 2019 жылы әлеуметтік студенттік несие жобасы іске қосылды. Волонтерлік қызметке тартылған, белсенді араласатын күндізгі оқу формасындағы жоғары оқу орындарының студенттеріне әлеуметтік студенттік кредит түрлері ұсынылды. Студент стипендияға үстемеақы түрінде немесе егер ол ақылы негізде оқып жатса, осы студенттік ваучер немесе өз оқуын төлеуге кредит беру түрінде ынталандырылуы мүмкін. Бұл үшін аталмыш студенттер біздің «Qazvolunteer.kz» платформасына тіркелуі қажет.

Игі істердің алдағы уақытта өз жалғасын табары сөзсіз. 2022 жылы да  біздің белсенді де мейірімді азаматтардың, волонтерлік ұйымдардың арқасында барлық жобаларымыздың жүзеге асатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет!

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика