Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының төрайымы Лариса Тургинбаева Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің XV форум жұмысына қатысты.
Халықаралық форумға Түркия, Румыния, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Македония, Косово, Солтүстік Кипрден білім кәсіподақтары мен ресми орган өкілдерінен құралған делегация шақырылған. Форум жұмысы Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің жалпы отырысымен басталды.
Форумға қатысушыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев құттықтады. Ол ҚР Кәсіподақтар федерациясының жұмысымен таныстыра отырып, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағын федерация құрамындағы ең үлкен әрі белсенді ұйым екенін атап өтті. Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқанын айта отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары форум жұмысына сәттілік тіледі.
Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің XV форумының Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында өтуі-Президенттің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейту бастамасын қолдауға бағытталған қадам деп атап өтті Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева. Бұл ретте ол Түркітілдес елдердің білім кәсіподақтарының Еуразиялық халықаралық бірлестігі бауырлас түркі елдері білім кәсіподақтарының өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасуға септігін тигізіп отырғанын ерекше айтты. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы бірлестікке мүше елдер кәсіподақтары арасында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Еуразиялық кеңістіктегі білім кәсіподағының өзекті мәселелері бойынша спикерлер: «Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан, Қырғыз Республикасының білім және ғылым кәсіподағының төрағасы Асылбек Тоқтағұлов, Түрік Республикасының Солтүстік Кипр білім кәсіподақтары төрағасы Акын Манга, Әзірбайжан білім кәсіподағының хатшысы Зафер Мәммадов, Өзбекстан Республикасының білім және ғылым кәсіподағы төрағасы Махмуд Бабаяров, Солтүстік Македония білім кәсіподағының төрағасы Энес Ибрахим, Румыниядағы түрік ұстаздары білім кәсіподағының төрағасы Вилдан Бормамбет, Косово білім кәсіподағының төрағасы Ерол Кара баяндама жасады.
Білім кәсіподақтарының қызметінде сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың еңбегіне ақы төлеуді арттыру, педагогтардың құқықтық және әлеуметтік мүдделерін қорғау, қоғамда мұғалім мәртебесін арттыру мәселелері басым орын алады деп атап өтті форумға қатысушылар. Сондай-ақ, Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігіне мүше ұйымдардың ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мәселесі көтерілді.
Форум қорытындысы бойынша Халықаралық Еуразиялық білім беру кәсіподақтары бірлестігінің XV форумының Қарары қабылданады.
Форум аясында шетелдік қонақтарға ауқымды мәдени бағдарлама әзірленген. Ағымдағы жылдың 13 шілдесіне дейін делегаттарды Түркістан мен Қызылорда өңірінің тарихи орындары мен көрікті жерлерімен таныстырып, форумға қатысушылар Түркістан облысының жергілікті атқарушы орган өкілдерімен кездесіп, А.Яссауи атындағы қазақ-түрік Халықаралық университеті мен Қорқыт ата атындағы университеттеріне бару жоспарланған.