Әкiмшiлiк айыппұл — әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн салынатын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған заңға сәйкес белгiленетiн айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде ақша өндiрiп алу.
Айыппұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бюджет кiрiсiне өндiрiп алынады.
Әкiмшiлiк айыппұл негiзгi әкiмшiлiк жазалар ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн. Жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін екі жүз айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды. Лауазымы адамға, жекеше нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұлдың мөлшерiн жеті жүз елу айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн бір мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды. Iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн екi мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды. Кәмелетке толмаған адамға салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн, айыппұл мөлшерiне қарамастан, он айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткiлiктi мүлкi болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады.
Мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген әскери қызметшілер мен әскери және арнайы оқу орындарының курсанттарына әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылмайды. Айыппұлды әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұл салу туралы қаулының заңды күшіне енген күннен бастап, ерікті түрде отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс.
Айыппұл салу туралы қаулыны ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін, отыз тәуліктен кешіктірген жағдайда, сотпен он күннің ішінде мемлекеттік сот орындаушыларына, жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарына мәжбүрлеп орындатуға жіберіледі.