Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен ауқымды жиналыс өтті. Маңызды шараға ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков төрағалық етті. Жиынға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және оған бағынысты КММ-лар, «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы» РММ, «Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі» РММ, «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ, Түркістан облысының орман шаруашылығы және жануарлар аумақтық инспекциясының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жұмыс кездесуінің күн тәртібінде жергілікті жерлерде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті ұйымдастыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың «Кешенді жоспарын» іске асыру шеңберінде, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы бойынша облыстық орман шаруашылығы, табиғатты қорғау, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және осы салада қызмет көрсететін басқа да мекемелермен бірге меморандумға қол қойылды.
Аталған меморандумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының аңшылық шаруашылықтары, мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының аумағында жасырын нарколабораторияларды, синтетикалық есірткілердің көмбелерін және ірі есірткі плантацияларын анықтау мен жолын кесуде өзара пәрменді іс-қимыл жасау және ынтымақтастық көрсету болып табылады. Жиналғандар келелі кездесу соңында есірткі қылмысына тосқауыл қою бағытында жұмыла әрекет етуге уағдаласты.