Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 5 сәуірінен 30 мамырына дейін Түркістан облысының аумағында, балық ресурстарының заңсыз айналымы мен оны өндіру саласындағы құқық бұзушылықтар, қылмыстардың алдын алуға және қарсы тұруға бағытталған «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Осы бағытта полиция мен табиғатты қорғау өкілдерінен құралған мобильдік топтар Шардара су қоймасының аумағында, Сырдария мен Арыс өзендерінің жағасында браконьерлік фактілерінің жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Мәселен өткен жылы «Уылдырық» шарасы кезінде Отырар АПБ полицейлері Арыс өзенінде заңсыз балық аулау фактісін анықтады. Тәртіп сақшылары екі браконьерден қайық, электр қуатын күшейткіш құралдармен заңсыз ауланған 150-ге жуық балық тәркіледі. Оның ішінде 50-ге жуығы ҚР Қызыл кітабына енгізілген «Түркістан қаязы» болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы бойынша тіркеліп, жинақталған материалдар сотқа жіберілді. Нәтижесінде сот қаулысымен заңсыз балық аулаған екі тұрғынға қатысты 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.