«Достық үйі» ғимаратында Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі мүшелерінің отырысы өтті.
Жиын барысында күн тәртібіне сәйкес Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағалығына сайлау өтіп, бірлестік мүшелерінің келісімімен Мухамедова Ася Ириковна төрайым болып қайта сайланды.
Жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың есептері баяндалып, алдағы уақытта қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жұмыстарды этномәдени бірлестік мүшелерінің тарапынан тұрақты түрде жүргізу мәселелері айтылды.
Еліміз – көп этносты, көп тілді мемлекет. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті жерде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тірлік етіп келеді. Қазақтың кең пейілі, тарихи төзімі мен қалыптастырылған ұлтаралық татулықтың негізінде Тәуелсіз Қазақстанда саяси тұрақтылық берік орнықты. Қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау — қиынның қиыны. Еліміздің геосаяси орналасу ерекшелігі, жүзден астам этнос өкілдерінің Қазақстан атты алып шаңырақтың астында тоқайласуы, түрлі діндер мен өркениеттердің арақатынасы мәселелері көптеген міндеттерді жүктеді. Осы кезеңдерге Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы құрылды.
Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық қатынастардың басты тетігі ретінде күллі әлемге үлгі болып отыр. Алайда, қоғамда жиі, әсіресе соңғы уақытта: «Ассамблея не үшін қажет?» деген сұрақтар туындап жатыр. Бұл тақырып төңірегіндегі пікірлер де әртүрлі. Шын мәнінде, Ассамблея біле білгенге ең алдымен қазаққа қажет ұйым деп білемін. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп келген қазақ атамыз. Ал ассамблеяның ұраны – «Бірлік», «Ынтымақ». Елдің тыныштығы ең алдымен өзімізге қажет. Кезінде тағдыр талайымен көптеген этностар елімізге қоныс аударды.
Бүгінгі күні этномәдени бірлестік тарапынан «Сабантой», «Чак-чак Байрам» сынды мерекелік шаралар өткізілген. Бірлестік мүшелері қала аумағында өткізіліп жатқан ақпараттық – насихаттық жұмыстарға да қатысуда.
Қазіргі кезде Шымкент қаласының аумағында 11407 татар, 390 башқұрт этносының өкілдері тұрады.
Бірлестік төрайымы Ася Мұхамедованың алдағы қызметіне сәттілік тілейміз.