Бүгін Шымкент қалалық «Достық» үйінде 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып өткізілді.
Жиын зұлмат заманда құрбан болған азаматтардың рухына Шымкент қаласындағы «Әл-Муслим» мешітінің бас найб имамы Е.Қошановтың арнайы құран бағыштауымен басталды. Сондай-ақ, ол жалпы еліміздің болашағы мен ұрпағының жарқын өмірі үшін құрбан болған азаматтардың есімдері тарихта мәңгі қалатыны, келер ұрпақ оларды ұлықтап өтетіні жайлы, ал зұлымдық жасағандардың аты мәңгі өшетіні жөнінде жастарға кеңінен мағлұмат беріп, терең түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, жиын барысында Абай атындағы Шымкент қаласының орталықтандырылған №2 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі А. Сламбекқызы, Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Е.Ким баяндама жасап, жастарға осы күннің маңыздылығы жөнінде деректі пікірлерін жеткізді.
Бұл күні миллиондаған жазықсыз адамдар, заңсыз және әділетсіз сотталғандар, атылғандар, лагерьлер мен арнайы елді мекендерге кіргендерді еске аламыз. Бұл жағдайда жеке адамдар немесе отбасылар ғана емес, бар халықтар зардап шекті. Бүкіл ұрпақтың психикалық жаралары осы уақытқа дейін жазылмаған.
1930-1953 жылдардағы қуғын-сүргін Қазақстанға да өз әсерін тигізді. Мұнда 100 мыңнан астам адам сотталды, олардың төртінші бөлігі ең жоғары жазаға кесілді.
Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.