• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ШЫМКЕНТ ХАЛҚЫ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Автор:admin

Май 31, 2023
Spread the love

Бүгін еліміздің үшінші мегаполисінде «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Аталмыш шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы және Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Алтеев, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы төрағасы Жұмағали Білісбеков, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен репрессия құрбандарының ұрпағы қатысты. Іс-шара алдымен Ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды. Тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтар еске алынып, құрмет етілді. Жиылған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Одан әрі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған арда азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Марқұмдардың рухына арналып, Құран аяттары бағышталды. Одан кейін көпшілік арнайы қойылған инсталляцияны тамашалады.
Бабалар кешкен қайғылы сәттер театрландырылған көріністер арқылы көрсетіліп, сахналандырылған қойылым қойылды. Жиналғандар бабалар рухына құран бағыштап, өткен күнге салауат айтты.
Расында да, отызыншы жылдарды былай қойғанда, 1919-1922 жылғы аштықтың өзі қазақтың еңсесін езіп кеткені анық-тын. Большевиктер 1919 жылдың басынан бастап ел ішінде азық-түлікті тәркілеу саясатын қолға алған еді. Қазақтың бақшасы болмағасын, қолындағы бары — малын тәркілеу басталды. Сексеуілді сексеуілге ұрып сындырғандай, қазақтың өз ішіндегі қызыл белсенділер — Ахметше айтқанда «өз ауылымыздың иттері» құлшына іске кірісіп, теңдікке уәде берген большевиктердің бетпердесі шешіле бастаған еді. Алаш арыстарының аштықтан елді аман қалу үшін аласұрып жылу жинайтыны да — осы кез.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика