“AMANAT” партиясының белсенді мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары 1 Маусым – Балалар құқықтарын қорғау күніне орай қаладағы аз қамтылған көп балалы отбасыларға, балалар мекемелеріне барып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтауда.
Бүгін партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасы Бахадыр Нарымбетов, атқарушы хатшы орынбасары Бекайдар Тулегенов, қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Төрайым Сұлтанова бастаған аманаттықтар «Қуаныш әлемі» балабақшасына арнайы барды. Мекеме он жылдан бері бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беріп келеді. «Балалықтың бал мекені-Қуаныш әлемі” атты ертеңгілікке тап болған қонақтар балаларды мерекелерімен құттықтап, ыстық лебіздерін білдіріп, балақайларға сыйлықтар ұсынып, тәттілер үлестірді.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 7000-нан астам педагогы біліктілігін арттыру курстарынан, 1500-ден аса маман қайта даярлаудан өтеді. Соңғы үш жылда қала аумағында 81 мектептің ашылуы үш ауысымды және орын тығыздығы бар мектептер санын азайтты. Жол картасы аясында тағы да 80 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. 38 мыңға жуық оқушыны қамтитын 25 мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде салынады. Сонымен қатар 30 орта білім беру мекемесіне кешенді жаңарту жүргізіледі.
– Еліміздің болашағы – жастардың, балғын балалардың қолында! Олардың дені сау, білімді, парасатты, еркін ойлы әрі отансүйгіш азамат болып өсіп жетілуіне жағдай жасау “AMANAT” партиясы ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл күндері белсенді партияластарымыз жағдайы төмен отбасыларға барып, оларға материалдық және рухани күш-қуат беріп қолдау көрсетуде. Біз тек мереке күндері ғана емес, әрдайым оларды қолдауға дайын екенімізді жеткізгіміз келеді, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Осындай атаулы мерекеде жасалып жатқан көмектерге дән риза болып, балаларының қуаныштарын көрген ата-аналар, мекеме ұжымы халық қалаулыларына алғыстарын білдірді.