2023 жылғы 5 мамыр күні Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің ұйымдастыруымен “Қазақстан халқы Ассамблесы медиация кабинетінің ашық есік күні ” республикалық акциясы өтті.
Қоғамдық қабылдауды Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрайымы кәсіби медиатор Л.Ақшегірова, Медиация кеңесінің мүшесі кәсіби медиатор С.Абдукаримова өткізді.
Жиында Шымкент қаласының тұрғындарына медиаторлар тарапынан түрлі бағыттарда кеңес берілді.
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.
Медиацияны жүргізу қағидаттары:
— еріктілік;
— құпиялық;
— өзара сыйласушылық;
— тараптардың тең құқылығы;
— медиатордың бейтараптығы мен әділдігі;
— рәсімнің ашықтығы.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.
Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы — қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс.
Тараптар арасындағы қарым-қатынасқа назар аударылады. Негізгі міндеті екі жақтың бір-бірін тыңдауы болып табылады, бұл қатысушыларға өзара түсіністікке келуге көмектеседі. Баяндау тәсілі — диалог барысында медиаторлар мен қақтығыс тараптары бір-біріне тұрақты әсер етеді. Қатысушылар болып жатқан жайтқа өз көзқарастарын білдіреді, бірте-бірте келісімге келеді. Экожүйе немесе отбасына бағытталған медиация. Отбасылық жанжалдарды шешуге қолайлы. Негізгі міндет — отбасыларға қиындықтарды жеңуге және балалармен қарым-қатынасты сақтауға көмектесу. Мәдениетаралық қақтығыстарға, әртүрлі ұрпақ өкілдері арасындағы дауларға да қатысты.