• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ОРТАҚ ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫНА БАРЛЫҒЫМЫЗ ЖАУАПТЫМЫЗ

Автор:admin

Апр 27, 2023
Spread the love

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды. Бұл басқосу көпұлтты Қазақстан халқының ел болашағына деген сенімін тағы бір мәрте нығайтып, жаңа Қазақстанның қалыптасуына, ортақ Отанымыздың жарқын болашағына барлығымыз бірдей жауапты екенімізді еске салды.
Сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кең ауқымды баяндама жасап, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында тұрған міндеттерді айқындап, қоғамдық құндылықтарымыздың маңызын паш етті. Президенттің ұлттық бірегейлік пен ел ынтымағы жөніндегі ойларынан ерекше әсерге бөлендім.
Президент «Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі» екенін атап айтты. Сол татулық пен бірлікті нығайта түсу үшін елімізде этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу қажеттігін, бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиістігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатқанын, жаңа басымдықтар пайда болғанын айта келіп, сырттан төнген сын-қатердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналғанына, мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түскеніне ерекше назар аударды. Президент бұл ретте этносаясат байыппен жүргізілуі керектігін ескертті.
Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі этностық топ өкілдері мүдделерін жоғары заң шығару органында – ел Парламентінде білдіру болып табылады. Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты, елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді. Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығарушылық процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық бастамашылық құқығын жиі пайдаланады. Этносаралық қатынастарға қатысты қабылданатын барлық заң жобалары депутаттардың тиісті сараптауынан өтеді.
Расында, Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген табыстарының барлығының астарында көпұлтты халқымыздың татулығы мен ынтымағы жатқанын атап өткен жөн. Сол себепті жаңа жағдайда да біз осынау қастерлі құндылықтарымызды қорғап, ел бірлігін нығайту жолында талмай еңбектенуге тиіспіз деп ойлаймын.
Роза ПАК, Корей этномәдени орталығының төрайымы.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика