Бүгін Елорда төрiндегi «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII cессиясы «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өтедi. Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен өтетiн алқалы жиынға елiмiздiң өңірлерiнен делегаттар шақырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында осы ынтымаққа басымдық берілгені аңғарылды. Бірлік күні – татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы қажет. Президент ең әуелі ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналғанын оңды бағалады.
Бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсат – еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынас саласындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру болатын. Қазір мемлекет ең бірінші кезекте халық құндылығын бағалайды. Яғни, біз үшін халықтан биік ұғым жоқ. Ал халықтың күші одан әрі мықты әрі бекем болуы үшін бейбітшілік қажет.
Өз кезегінде Президент елімізде саяси реформалардың жемісті болғанын атап өтті. Бұл тұрғыда былтыр өткен референдумның тарихи маңызы зор. Әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл халықты жұмылдырған науқан болғаны анық. Мемлекет басшысы жұртымыз жауапты сәтте ұлт ретінде ұйыса алғанын алға тартты. Референдумның түпкі нәтижесі және халқымыздың басты жетістігі жүзеге асты. Сондықтан бірлік дегеніміз – мақсатымызға апаратын жол ғана емес, мемлекеттің ең басты тірегі. Президент әр жиында еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат екенін жиі еске салады. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруы тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болмақ. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымына айналуы қажет.
– Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этнос үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр.
Бұл – теңдессіз жетістік! Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Айта кетейік, Шымкент қаласынан құрамына қала басшылығы, мәслихат депутаттары және этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен қалалық ҚХА жанындағы құрылым жетекшілерi енген делегация арнайы қатысуда.