Шымкент қаласында “Ерекше жол” қоғамдық қорының 5 жылдық мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды R-FACTOR.KZ.
Ерекше балалардың әлеуметтенуіне көмектесу үшін Шымкентте бірқатар қоғамдық қорлар бар. Солардың бірі Роза Беркешева басқаратын “Ерекше жол” қоғамдық қоры. Р. Беркешеваның айтуынша, мұнда ерекше балаларды оңалтудың ең сенімді жолы-инклюзия екен. Сонымен бірге, қоғам барлығына ашық және мейірімді болуы керек. Осы мақсатқа жету үшін “Ерекше жол” қоғамдық қоры өзінің әрбір іс-шарасын осы оқиға дәрежесіне көтеруге тырысып келе жатқандарына биыл 5 жыл толды. Қор өзінің 5 жылдық мерекелік іс-шарасын «Достық үйінде» атап өтті. Аталған шраны ұйымдастыруға «Ерекше жол» қоғамдық қорынан басқа Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы мен «ARMAN ALANI» Қазақстандық коалициясы» ЗТҰ ұйытқы болды. Мерекелік шараға Шымкент қаласының әкімдігі мен мәслихаты, Білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау басқармалары, Шымкент қаласының үкіметтік емес ұйымдары, сонымен қатар, қорымыздың меценаттары мен қайырымды жандар қатысты. Мерекелік бағдарлама аясында Шымкент қаласының үздік шығармашылық ұйымдары мен әншілері өнер көрсетті. Сондай-ақ, қордың тарихы, фотокөрмесі, мүшелерінің қолөнер көрмесі де жиналған жұртшылықты қызықтырды. Айта кету керек, қоғамдық қор ерекше балаларды инклюзиялау, әлеуметтендіру мәселесін ең жоғары деңгейде шешуде қарқынды қызмет етіп келеді. Атап айтатын болсақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін олардың өзін-өзі жетілдіруі және білім берудің барлық деңгейлерінде оқуын жалғастыруы үшін де психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі құрылып, арнайы жағдайлар регламенттелді. Оқушының даму ерекшеліктеріне байланысты оқу бағдарламаларының өзгергіштігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар әзірленді. Осы бағытпен жұмыс істеп келе жатқан қордың әлі де атқарар жұмыстары алда көп. Мерекелік іс-шараға қатысқан қонақтар “Ерекше жол” қоғамдық қорының қызметкерлеріне сәттілік тіледі.