Бүгін Әл-Фараби алаңында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай, «Ел қорғаны — ел қорғаған батырлар» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік кеште Шымкент мәдениет үйінің өнерпаздары, 35748 Әскери бөлімінің «Барлау» ротасы, 6506 әскери бөлімінің оркестрі, опера және балет театры, Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектебінің өнерпаздары, мектеп оқушылары қатысып, өнерлерін көрсетті. Патриоттық әндер шырқалып, жиналған көпшілікке көтеріңкі рух сыйлады.
1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Бұдан кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшу үшін қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.
2012 жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасының Парламенті мейрамдарға арналған заңды қайта қарап, 7 мамырды мемлекеттік мереке деп таныды. Заңға сәйкес, 7 мамыр демалыс күні болып бекітілді.
Сонымен қатар, алаңға жиналғандар Шымкент Әскери гарнизонының әскери техникаларының көрмесін тамашалады.
— Бұл мереке жалпыхалықтық мереке деуге болады. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірінің күзетінде тұрған әскери қызметкерлер мен сарбаздардың Отан қорғаудағы үлесі орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Шымкентте қазір барлық деңгейдегі әскери ардагерлер «Ауған соғысы», «Тәжік-Ауған қақтығысы», «Таулы Қарабах», «Чернобль апаты», «Семей- сынақ» полигонына қатысқан ардагерлер, Желтоқсан қатысушылары және еліміздің Қарулы күштері мен шекара қызметінің ардагерлері бір қоғамдық бірлестікке жұмылып, жастарды Отанын қорғауға үгіттейтін, насихаттық іс-шараларды бірлесе атқарып келеміз. Олай болса, Ұлы даламыздың шебі бүтін, шекарасы берік болғай, — дейді отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев.