ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2023 жылға арналған бағдарлық баяндамасына орай, Шымкент орталық мешітінде «Яссауи дүниесі» атындағы көне түркі кітаптарды оқыту орталығы ашылды. Аталмыш шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы арнайы қатысып, өкілдік жанындағы имамдардың діни білімін арттыру һәм қайта даярлауға арналған курс жұмысымен танысып, ұстаздар мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аталмыш «Яссауи дүниесі» атындағы көне түркі кітаптарды оқыту орталығының жетекшілік ету жұмысы дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміровке тапсырылды. Курс барысында Құран, ақида, фиқһ дәрістерімен бірге көне түркі тілінде жазылған Ханафи Мәзһабына негізделген бабалардың («Ғибадат исламия», «Устаз аууал», «Диуани хикмет», «Сопы Аллаяр») кітаптары тереңдетіліп оқытылады. Курс бағдарламасы 12 күнге арналған. Тағылымдамадан өткен дін қызметкерлеріне арнайы сертификат табысталады. Курста Шымкент орталық мешітінің ұстазы, әйгілі Әл-Азһар университетінің түлектері Нұрсұлтан қари Мемедалиев, Дәулет Түленов, Ақтөре Тұрапбай және «Астана» медресесінің түлегі Аман Бекжігіт ұстаздарымыз дәріс жүргізеді. Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша 91 мешіттің 260-тан астам қызметкерлер аталмыш қысқа мерзімді курсқа қатысып, тағылымдамадан өтетін болады.
Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166) — қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер.
Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Өкінішке орай туындының түпнұсқасы біздің заманымызға жетпеген. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалары өте көп. Олардың көбі Ыстамбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған. Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылды. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармада ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.