Жыл басы — Наурыз мерекесі биыл Шымкентте «ҰЛЫ ҚАЗАҚ ОЙЫНДАРЫ» этнофестивалімен айшықталды. Жаңа ипподром алаңында үш күн бойына жалғасқан аламан жарыс бірнеше бағытта өрбіді.
Ұлттық идеология көрініс тапқан ауқымды шарада спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің жетістіктері паш етілді.
Сондай-ақ үздік дизайнерлер көне ғасырдан жеткен ұлттық киім үлгілерін ұлықтаса, аспаздар ұлттық ас мәзірін әзірлеп, Наурызға тарту жасады. Дәстүрлі әншілер мен сахна саңлақтары әннен шашу шашып, халыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ұлыстың ұлы күні 100 мыңға жуық қала тұрғыны Ипподром аумағында татулық пен бірліктің салтанатын құрып, жаппай Әз Наурызды тойлады.
Мерекеге арнайы қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов шымкенттіктерді мейраммен құттықтап, этнофестиваль аясындағы жарыстарды тамашалады.
Жыл басы Наурыз мерекесінің маңыздылығына тоқталған қала әкімі Мұрат Әйтенов те құттықтау сөз сөйлеп, Ұлыстың ұлы күніне арналған ізгі тілегін жеткізді.
Қашанда Наурыз шырайлы Шымкенттен басталады. Олай болуы заңды да. Жері шуақты, елі берекелі бұл өңір – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ордасы.
Биыл да дәстүрге сай қаламызда Наурызды ерте бастап, мейрамды заманға сай жаңа форматта атап өттік. Ұлттық спорт, ұлттық өнер, ұлттық киім үлгілері бойынша керемет байқауларға куә болдық. Жылымыз берекелі, жеріміз ырысты, халқымыз дәулетті болсын! Жыл басы – Наурыз әр шаңыраққа шаттық, құт-береке, молшылық әкелсін» — деді қала әкімі.
Фестиваль аясындағы жарыстар мәресіне жетті. «Ұлы қазақ ойындарында» 11 номинация бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар сый-құрметке бөленді.
Ипподром аумағынан бой көтерген «Қалашымда» 200-ге жуық киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылған. Оның ішінде 20 киіз үйді еліміздің өзге өңірлері жасақтап, береке мен бірліктің үлгісін көрсетті.