Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңының қабылданғанына биыл 12 жыл толуына байланысты Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі Н.Оразкулованың ұйымдастыруымен 2023 жылғы 6-14 сәуір күндері аралығында Шымкент қаласының жоғары оқу орындарында медиация марафоны өтуде.
Жиынға қатысқан медиаторлар жастарға, әсіресе заң саласы бойынша білім алып жатқан студенттерге медиацияны меңгерудің маңыздылығы зор екенін айтты. «Медиация үлкен сала. Медиация арқылы екі жақ келісіп, сотқа дейін мәселені шешіп кете алады. Кезінде қазақ даласында ешқандай прокурор, милиция, түрме болмаған. Онсыз-ақ ғасырлар бойы берекелі өмір сүріп келгенбіз. Тек бітімгершілік, келісім болған. Қазақ сөзге тоқтаған халық. Дау болса билер мен қазылар шешіп отырған. Медиация – дау-дамайды ушықтырмай, сотқа дейін келісімге алып келу. Соттардың ісін жеңілдетеді. Қоғамдағы саяси морлальдік ахуал реттеліп, адамдар арасындағы кешірімшілдік пен ауызбіршілік сияқты құнды қасиеттеріміз жанданады есептеймін.
Марафонға академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің студенттері арасында «Отбасы институтын нығайтудағы медиацияның рөлі» тақырыбында тренинг өткізілді. Қазақ халқы ежелден мәмілегер халық деп айтамыз. Кез келген мәселені келісіммен шеше білгендігін тарихтан, ауыз әдебиеттерінен білеміз. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Кешіру- айыпты өшіру». «Дау мұраты — бітім», деген нақыл сөздер кешірімділікке жетелеген, ел арасындағы кез – келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударған. Әсіресе неке-отбасы дауларын қарау кезінде медиацияның мүмкіндектерін кеңінен қолдану тәсілдері талқыланып, соңында сертификаттар табысталды.
Тренингтің қорытындысы бойынша студенттердің алған білімдерін жалғастыру мақсатында оқу және практикалық жұмыстарынының тиімділігін арттыруда 14 сәуір күні студенттер арсында конкурс өткізіледі.