
– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі мен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке. Осындай мерейлі мереке қарсаңында қала тұрғындарымызға баспана кілттерін табыстау салтанатының куәсі болып отырмыз. Қазақта «Өз үйім – өлең төсегім» деген тағылымды сөз бар. Шынында да, баспана – адамға жайлы өмір сыйлайтын мекен ғана емес, әр отбасының бақыты мен берекесінің, ертеңге деген сенімінің тірегі. Бүгін баспанаға қол жеткізіп, жаңа өмірге қадам басқалы отырған отбасылар үшін бұл күннің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың баспана мәселесін шешуге басымдық берілуде. 2018-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 1 млн 261 мың шаршы метрді құрайтын 23 633 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Бүгінгі күні Түркістан қаласында жалпы 588 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілуде. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деген Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды ауланы таза ұстауға, қоршаған ортаның тазалығына белсенді атсалысуға шақырды.