Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы әрі жаңа әдебиетінің негізін қалаушы Хәкім Абай Құнанбайұлының бай мұрасын дәріптеу, оның өлеңдері мен қара сөздеріндегі терең философтық ойды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру — бүгінгі қоғамның басты рухани міндеттерінің бірі. Осы орайда, Түркістан қаласында Абай Құнанбайұлының 10 күндік мерекелік іс-шаралар кешені аясында жергілікті жастар мен студенттердің қатысуымен арнайы танымдық сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылды.
Аталған интеллектуалды іс-шараның негізгі мақсаты — жастардың абайтану саласындағы білім деңгейін сарапқа салу, ұлттық әдебиет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар ұлы ойшылдың «Толық адам» концепциясы негізінде жас ұрпақты азаматтыққа, парасаттылыққа және отаншылдыққа баулу болып табылады.
Танымдық сайыс ашық форматта өтіп, оған шаһарымыздың белсенді жастары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары ерекше ынтамен қатысты. Іс-шара барысында қатысушыларға Абайдың өмірбаяны, оның қоғамдық-саяси қызметі, поэзиясындағы негізгі тақырыптар, аудармашылық шеберлігі және философтық ой-толғаулары бейнеленген «Қара сөздері» бойынша күрделі әрі қызықты сұрақтар қойылды.
Сұрақ-жауап айдары ақынның туған жері мен өскен ортасына арналған тарихи деректерден басталып, Абай поэзиясының көркемдігі мен қара сөздеріндегі философиялық терең мағыналарды талдауға дейінгі бірнеше кезеңді қамтыды. Сонымен бірге Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын қазақ тіліне шебер сөйлеткен Абайдың аудармашылық қыры да назардан тыс қалмады.
Сайыс барысында қатысушы жастар тек сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, Хәкім Абайдың өлеңдерінен үзінділер оқып, қара сөздеріндегі өзекті түйіндер бойынша өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, ақынның білім мен ғылымға ұмтылу идеялары бүгінгі заманауи жастар үшін де өз мәнін жоғалтпағаны қызу талқыланды.
Жиын соңында интеллектуалды викторинада ерекше тапқырлық пен терең білім көрсеткен белсенді қатысушылар арнайы алғыс хаттармен және Абай шығармаларының жинақтарымен марапатталды.
Мұндай жүйелі түрде өтетін танымдық кездесулер жастардың ұлы ойшылдың асыл мұрасын тереңірек танып-білуіне, ұлттық құндылықтарды қастерлеуіне және рухани тұрғыдан баюына зор ықпал етеді. Абайдың сөзі — қазақ халқының мәңгілік бағдаршамы, ал оның мұрасын зерделеу — әрбір саналы азаматтың парасатты парызы.
Түркістан қаласында Абай Құнанбайұлының 10 күндігі аясындағы мерекелік, мәдени және ағартушылық іс-шаралар одан әрі өз жалғасын табады.