Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың бойында шығармашылық әлеуетті дамыту, олардың бос уақытын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыру – мемлекеттік жастар саясатының басты басымдықтарының бірі. Жас дарындарды қолдау, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру және рухани-мәдени тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау мақсатында Түркістан қаласында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Осындай игі бастамалардың бірі ретиінде жақында шаһардағы ең көрікті орындардың бірі – Тұңғыш Президент саябағында жастар мен балаларға арналған еркін тақырыпта сурет салу іс-шарасы ұйымдастырылды.
Таза ауада, табиғат аясында өткен бұл шығармашылық сағат қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлап, өнерге деген құштарлықтарын арттыра түсті. Шараның негізгі мақсаты – жастардың эстетикалық талғамын қалыптастыру, қиял ұшқырлығын дамыту, өзін-өзі өнер арқылы танытуға мүмкіндік беру және қала тұрғындары арасында белсенді әрі мәдени демалыс мәдениетін насихаттау болып табылады.
Еркін форматта ұйымдастырылған іс-шараға қаланың белсенді жастары, мектеп оқушылары мен студенттер, сондай-ақ кішкентай өнерсүйер бүлдіршіндер де белсене қатысты. Ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға ешқандай шектеулер қойылған жоқ: әрбір жас суретші өзінің ішкі дүниесін, арман-тілектерін, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін немесе қиял-ғажайып әлемін қылқалам ұшымен ақ қағаз бетіне түсіруге толық мүмкіндік алды.
Іс-шара барысында саябақ аумағы нағыз ашық аспан астындағы өнер галереясына айналды. Қатысушылар түрлі бояулар мен қарындаштарды шебер пайдалана отырып, Түркістанның тарихи келбетін, сәулетті ғимараттарын, табиғат көріністерін, сондай-ақ бейбітшілік пен достықты бейнелейтін жарқын туындыларды өмірге әкелді. Өнерсүйер жастардың әрбір жұмысы өзіндік ерекшелігімен, бояулардың үйлесімділігімен және терең мағынасымен ерекшеленді.
Бұл сурет салу сағаты тек жай ғана байқау немесе демалыс емес, жастардың бір-бірімен танысып, пікір алмасуына, тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік берген бірегей диалог алаңы болды. Шығармашылық процесс барысында жас дарындар бір-бірінің жұмыстарына қолдау білдіріп, өнердегі жаңа бағыттар мен идеяларды талқылады. Бұл өз кезегінде жастар арасындағы ауызбіршілік пен достық қарым-қатынасты нығайтуға да оң ықпалын тигізді.
Өнерді қолдау мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мұндай шаралар Түркістан қаласында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Себебі жас ұрпақтың креативті ойлау қабілетін арттыру және оларды мәдени-әлеуметтік өмірге белсенді тарту – болашақ білімді әрі жан-жақты дамыған қоғамды қалыптастырудың кепілі.
Тұңғыш Президент саябағында өткен сурет салу іс-шарасы қатысушыларға шабыт сыйлап, олардың өнердегі алғашқы қадамдарына сенімділік ұялатты. Қатысушы жастар өздерінің шығармашылық әлеуетін шыңдауға жағдай жасаған ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай ашық форматы бар шеберлік сабақтары мен өнер сағаттарының жиі өтіп тұруын тіледі.