• Чт. Авг 6th, 2026
Популярные метки

Сайлаушылар нені білуі керек?

Автор:admin

Авг 6, 2026

23 тамызда елімізде алғаш рет жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Құрылтайдың жаңа құрамы жасақталғаннан кейін мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделі толық көлемде жұмыс істей бастайды.
Шілденің 23-і күні Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Ол 22 тамыз күні түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Жеті саяси партия үгіт-насихат науқанының алғашқы күні сайлауалды штабтарын ашып, бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылармен кездесу іс-шараларын жүргізуде. Алдағы сайлау жалпыхалықтық референдумнан кейін басталған саяси реформалардың қорытынды кезеңі болмақ.

23 тамызда ел азаматтары Құрылтайдың алғашқы шақырылымының құрамын анықтайды.
Дауыс беру күніне бір айдан аз уақыт қалды. Дәл қазір өзіңіздің сайлаушылар тізіміне енгізілгеніңізді тексеріп, сайлау учаскеңіздің мекен-жайын біліп, қалай дауыс беруге болатынын анықтайтын уақыт. Сонымен қатар, үйде дауыс беру құқығын кімдер пайдалана алатынын және мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінде қандай жағдай жасалғанын білу де маңызды. Шымкент қаласының сайлауға дайындығы, сайлау комиссияларының жұмысы, сайлаушылар тізімін қалыптастыру және дауыс беру тәртібі туралы қалалық Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек ҚҰНАНБАЕВ айтып берді.

– Қайырбек Көбекұлы, 2026 жылғы 23 тамызда Шымкентте қанша сайлау учаскесі жұмыс істейді? Қаланың дауыс беруді өткізуге дайындығы қалай?
– Сайлауға дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дауыс беру күні – 23 тамызда Шымкентте 365 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қала тұрғындары дәл осы учаскелерде өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыса алады. Қазіргі таңда барлық күш сайлауды заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте өткізу, яғни сайлау учаскелерін дайындау, сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, сайлаушылар тізімін қалыптастыру және азаматтардың барлық санаттары үшін қажетті жағдай жасауды қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
– Әрине, тұрғындар ең жиі қоятын сұрақтардың бірі – сайлаушылар тізімі туралы. Азаматтың тізімге енгізілуі, жалпы сайлаушылар тізімін қалыптастыру қалай жүзеге асырылады?
– Расында да, сайлаушылар тізіміне қатысты сауалдар негізінен, әрбір сайлау науқаны кезінде туындап жатады. Жалпы айтқанда, сайлаушылар тізімін қалыптастыру тәртібі заңнамада нақты белгіленген. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 24-бабының 3-тармағына сәйкес, азаматты нақты бір сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізуге оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелуі негіз болады.
Өз кезегінде, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 5-тармағында тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізімін жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасының негізінде тиісті жергілікті атқарушы органдар жасайтыны көзделген.
Сонымен бірге заңда мұндай тізімдерге өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Егер сайлауға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей азаматқа дауыс беру күні өзінің тіркелген жеріндегі сайлау учаскесіне келе алмайтыны белгілі болса, ол өзі уақытша болатын жердегі жергілікті атқарушы органға тиісті сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы.
Өтініш берілгеннен кейін жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығарып, оны сайлау күні дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастырады.
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін әрбір учаске бойынша сайлаушылар тізіміне жауапты тұлға қол қояды және олар дауыс беру күніне жиырма күн қалғанда қабылдау-тапсыру актісі бойынша учаскелік сайлау комиссияларына беріледі. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары сайлаушылар тізімінің дұрыстығы мен ондағы мәліметтердің нақтылығы үшін жауап береді. Сондықтан бүгінгі күні сайлаушылардың нақты санын айту әзірге мүмкін емес. Бұл көрсеткіш заңда белгіленген тәртіппен сайлаушылар тізімі толық қалыптастырылып, учаскелік сайлау комиссияларына тапсырылғаннан кейін белгілі болады.
– Соңғы жылдары Шымкент халқы айтарлықтай өсті. Бұл жағдай өткен сайлау науқанымен салыстырғанда сайлаушылар санына қалай әсер етеді?
– Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Шымкенттегі сайлаушылар саны 709 777 адамды құрайды. Өткен сайлау науқанымен салыстырғанда сайлаушылар саны 14 632 адамға немесе 2,06 пайызға артты. Бұл белсенді сайлау құқығына ие азаматтар санының табиғи өсуін және қаланың даму серпінін көрсетеді.
– Барынша мұқият дайындық жүргізілгеннің өзінде адамдарда өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілген-енгізілмегені, дербес мәліметтерінде қате жоқ па, сайлау учаскесі дұрыс көрсетілген бе деген сұрақтар жиі туындайды. Шымкент тұрғындары бұл ақпаратты қалай тексере алады және қате анықталған жағдайда не істеуі керек?
– Заң әрбір азаматқа сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы мәліметтерді тексеруге кепілдік береді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 26-бабының 2-тармағына сәйкес, әрбір азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы мәліметтерді тексеруге және тізімге енгізілмеуіне, негізсіз енгізілуіне немесе тізімнен шығарылуына, сондай-ақ сайлаушы туралы мәліметтердегі қателіктерге шағым жасауға құқылы.
Егер адам қателікті анықтап білсе немесе өзін тізімнен таппаса, ол тиісті сайлау комиссиясына жүгіне алады. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару немесе мәліметтерді түзету қажеттігі туралы өтініштер тиісті сайлау комиссиясында өтініш келіп түскен күні қаралады.
Өтініш қанағаттандырылмаған жағдайда сайлау комиссиясы өтініш берушіге дәлелді шешімнің көшірмесін кідіріссіз береді. Мұндай шешімге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиісті сотқа шағым жасауға болады. Сот та шағымды келіп түскен күні қарайды.
Егер сот өтініш берушінің пайдасына шешім қабылдаса немесе сайлау комиссиясы өтінішті өз бетінше қанағаттандырса, қажетті түзетулер дереу енгізіледі.
– Тұрғындар өз деректерінен қате анықталған немесе өздерін тізімнен таппаған жағдайда қай уақытқа дейін комиссияға жүгіне алады?
– Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, яғни, 2026 жылғы 7 тамыздан бастап, учаскелік сайлау комиссиялары азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелердің сайлаушылар тізімін танысу және ондағы мәліметтерді тексеру үшін ұсынады.
Осы сәттен бастап әрбір сайлаушы өзінің дербес мәліметтерінің дұрыстығын тексере алады және қажет болған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен оларды нақтылау немесе тиісті өзгерістер енгізу үшін учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады.
– Түрлі өмірлік жағдайлар болады: демалыс, іссапар, оқу немесе көшіп кету. Егер адам сайлау күні өзінің тіркелген жерінде болмаса, не істеуі керек? Ол дауыс бере ала ма? Және бұл үшін заңда қандай рәсімдер көзделген?
– Ең алдымен, әрбір сайлаушының өзі жеке дауыс беретінін еске салғым келеді. Дауыс беру құқығын басқаға беру де, басқа адамның орнына дауыс беру де Қазақстан Республикасының заңнамасында жол берілмейді.
Дауыс беруге арналған бюллетень сайлаушыға жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейін ғана беріледі. Бюллетеньді алған кезде сайлаушы сайлаушылар тізіміне қол қояды, ал учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі бюллетеньге және азаматтың тегі тұсындағы сайлаушылар тізіміне өз қолын қояды. Егер адам сайлау күні өзінің тіркелген жеріндегі учаскеге келе алмайтынын алдын ала білсе, заңда оның нақты болатын жері бойынша дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Егер сайлаушылар тізімі танысу үшін ұсынылғаннан кейін азаматтың болатын жері өзгерсе, заңнамада басқа тетік қарастырылған.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 41-бабының 6-1-тармағына сәйкес, учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін береді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады. Есептен шығару куәлігін көрсеткен жағдайда учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру күні азаматты өзінің болатын жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді.
Сонымен қатар есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруді жоспарлаған сайлаушыларға берілмейтінін ескеру қажет. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады.
– Сайлау алдында дәстүрлі түрде қойылатын тағы бір сұрақ – кімдер сайлау учаскесіне келмей дауыс бере алады? Азаматтардың қандай санаттары үшін болатын жері бойынша дауыс беру көзделген және бұл құқықты қалай пайдалануға болады?
– Мемлекет өмірлік жағдайларға қарамастан, барлық азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына жағдай жасайды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 41-бабының 6-тармағына сәйкес, егер сайлаушы денсаулық жағдайына байланысты, науқас отбасы мүшесіне күтім жасауына байланысты немесе сайлау учаскелері құрылмаған шалғай әрі қатынауы қиын жерде болуына байланысты дауыс беруге келе алмаса, учаскелік сайлау комиссиясы оның болатын жері бойынша дауыс беруді ұйымдастыруға міндетті.
Ол үшін дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ден кешіктірмей учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беру қажет. Мұндай рәсім азаматтардың денсаулық жағдайына немесе өзге де объективті мән-жайларға қарамастан сайлауға қатысуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Көптеген жас шымкенттіктер үшін бұл сайлау өміріндегі алғашқы сайлау болмақ. Кәмелет жасына толғаннан кейін алғаш рет дауыс беру мүмкіндігіне ие қала тұрғындарының саны белгілі ме?
– Бұл ақпарат енді белгілі болады. Яғни, әрбір сайлау учаскесі бойынша жауапты тұлға қол қойған сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларына тапсырылғаннан кейін нақтыланады.
– Сайлаудың артында сайлаушылардың көзіне көріне бермейтін үлкен ұйымдастыру жұмысы тұрады. Шымкентте дауыс беруді өткізуге қанша сайлау комиссиясы қатысады және бұл жұмысқа қанша адам тартылған?
– Шымкентте сайлауды ұйымдастыру және өткізу үшін 371 сайлау комиссиясы құрылған. Оның ішінде 6 аумақтық және 365 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Олардың құрамында 2 881 адам жұмыс істейді. Дәл осы комиссиялар дауыс беруді дайындауды және өткізуді, сайлау заңнамасы талаптарының сақталуын, сондай-ақ сайлау науқанының барлық кезеңінде сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
– Дәстүр бойынша медициналық мекемелерде және өзге де жабық үлгідегі ұйымдарда арнайы сайлау учаскелері ашылады. 23 тамызда Шымкентте осындай қанша учаске жұмыс істейді?
– Дауыс беру күні уақытша немесе шектеулі жағдайда болатын азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Шымкентте 24 жабық сайлау учаскесі құрылған. Оның 20-сы стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде, біреуі тергеу изоляторында, біреуі қарттар үйінде және екеуі әскери бөлімдерде орналасқан. Мұндай учаскелер объективті себептермен кәдімгі сайлау учаскелеріне келе алмайтын азаматтардың дауыс беру құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
– Бүгінде сайлаудың әрбір азамат үшін қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлінуде. Шымкентте мүгедектігі бар адамдарға бейімделген қанша сайлау учаскесі бар және бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр ма?
– Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдар үшін 341 сайлау учаскесі бейімделген. Олардың барлығы ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан, бұл жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті арттырады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жекелеген учаскелерде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, шақыру батырмаларын жұмыс жағдайына келтіру, жаңадан құрылған учаскелерге пандустар орнату, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындарын тиісті танымдық белгілермен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл іс-шаралардың орындалу барысы тұрақты бақылауда.
– Кедергісіз орта қалыптастырумен қатар, әр адамның өз бетінше әрі қолайлы жағдайда дауыс беруіне мүмкіндік жасау да маңызды. Қозғалысы шектеулі азаматтар, зағип және көру қабілеті нашар сайлаушылар үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Сайлауға дайындық барысында азаматтардың барлық санаттары үшін қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қозғалысы шектеулі азаматтар, зағип және көру қабілеті нашар сайлаушылар үшін учаскелерде шақыру батырмалары, пандустар, мүгедектер арбасымен еркін қозғалуға жеткілікті кеңістік, тактильді жолақтар, қажетті ақпарат енгізілген компьютерлер, үлкейткіш әйнектер, кең дауыс беру кабиналары, Брайль қарпімен бюллетень толтыруға арналған трафареттер, қосымша жарықтандыру, сондай-ақ, қажетті форматтағы ақпарат қарастырылған. Сонымен қатар учаскелер белгіленген талаптарға сәйкес санитарлық-гигиеналық бөлмелермен, қозғалыс бағытын көрсететін тақтайшалармен және мүгедектігі бар адамдардың автокөліктеріне арналған тұрақ орындарымен жабдықталған.
Ғимаратты жабдықтау кезінде техникалық талаптар да сақталады. Атап айтқанда, учаскелерде түгінің ұзындығы 1,3 сантиметрден асатын кілемдерді пайдалануға тыйым салынады, өйткені бұл қозғалысы шектеулі азаматтардың жүруіне кедергі келтіруі мүмкін. Біздің міндетіміз – денсаулық жағдайына қарамастан әрбір сайлаушының сайлауға қатысуға арналған конституциялық құқығын еш кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасау.
@shymkala.kz

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *