Түркістан қаласында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қолдау, ұлттық мәдени мұраны дәріптеу және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы жастардың сапалы білім алып, шығармашылықпен айналысуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына барлық жағдай жасау қажеттігін үнемі атап келеді. Осы міндеттерді іске асыру аясында Түркістан қаласында жастардың шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған түрлі мәдени, рухани және танымдық жобалар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Осындай игі бастамалардың бірі – 1 шілде күні елімізде жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай және Ұлттық домбыра күні қарсаңында ұйымдастырылған «Тұран даласының күйлері» атты жас күйшілер байқауы. Қазақтың көрнекті күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған байқау Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық домбыра өнері мен күйшілік дәстүрді кеңінен насихаттау, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, қазақтың дәстүрлі күй өнерін келесі ұрпаққа жеткізу, ұлттық мәдени мұраны сақтау және жас таланттарды қолдау. Сонымен қатар жас өнерпаздардың сахна мәдениетін қалыптастыру, орындаушылық шеберлігін арттыру және олардың шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсету де байқаудың маңызды міндеттерінің бірі болды.
Қазіргі таңда мемлекеттік жастар саясаты жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың мәдени және рухани дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Өнер мен мәдениетке қызығушылық танытатын жастарды қолдау – олардың жан-жақты дамуына, ұлттық болмысты терең түсінуіне және отансүйгіштік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Домбыра – халқымыздың рухани коды, ал күй – ұлт тарихы мен тағылымын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Сондықтан осындай байқаулардың тәрбиелік маңызы ерекше.
Байқауға Түркістан қаласындағы өнер мектептері, музыка мектептері, білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 9–21 жас аралығындағы 20 жас күйші қатысты. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті, музыкалық сауаттылығы және шығарманы көркем жеткізу деңгейі бойынша бағаланды.
Байқаудың ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева және Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, жастарды өнерге баулудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Өз сөздерінде олар жастардың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда өнердің алатын орны ерекше екенін атап өтті. Домбыра өнері жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық мәдениетке деген құрметін нығайтады. Сонымен бірге дәл осындай шығармашылық алаңдар жас таланттардың тәжірибе жинақтауына, өз қабілеттерін көпшілік алдында көрсетуіне және кәсіби тұрғыдан шыңдалуына мүмкіндік береді.
Жиында сондай-ақ 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған нормаларының елдің құқықтық дамуы мен қоғамдық жаңғыруындағы тарихи маңызы туралы айтылып, жастардың заңға құрметпен қарап, ел дамуына белсенді араласуының қажеттілігі атап өтілді.
Байқау екі жас санаты бойынша өткізілді. Кіші топта 9–14 жас аралығындағы өнерпаздар өнер көрсетсе, ересек топта 15–21 жас аралығындағы қатысушылар бақ сынады. Қазылар алқасы қатысушылардың техникалық шеберлігіне, орындау мәнеріне, күйдің мазмұнын жеткізуіне және сахна мәдениетіне ерекше назар аударды.
Кіші топ бойынша Бас жүлдені «Ақжайық» музыка мектебінің оқушысы Әбдірахман Жомарт Абдусаламұлы иеленді. І орынды Түркістан балалар саз мектебінің оқушысы Серікбай Нұрболат Нұрланұлы жеңіп алды. ІІ орын Бәкір Бекнұр Өмірханұлы мен Байбосын Айзереге бұйырса, ІІІ орынды Әсілхан Айзере Мәдиқызы мен Серікбай Мадияр Қанатұлы иеленді.
Сонымен қатар «Төлеген Момбеков атындағы», «Сүгір Әліұлы атындағы» және «Дина Нұрпейісова атындағы» арнайы номинациялар бойынша үздік өнер көрсеткен жас күйшілер марапатталды.
Ересек топта Бас жүлдені Маханбет Дәурен Қайратұлы жеңіп алды. І орын Асқарұлы Асылжанға бұйырса, ІІ орынды Рамазан Саят Қанатұлы мен Оспан Аманжол Алмасханұлы иеленді. ІІІ орын Абдыхаил Дильназ Русланқызы мен Шынтемір Нұрдәулет Қайратұлына табысталды. Сондай-ақ «Көрермен көзайымы», «Шебер орындаушы», «Сүгір Әліұлы атындағы», «Дина Нұрпейісова атындағы» және «Төлеген Момбеков атындағы» арнайы номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды.
Байқау қорытындысында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай мәдени жобалардың жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға және дарынды жастарды қолдауға зор ықпал ететінін атап өтті.
Бүгінде Түркістан қаласында мемлекеттік жастар саясаты аясында талантты жастарды қолдау, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, мәдени-рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өнер, білім, спорт және қоғамдық бастамаларды қамтитын мұндай жобалар жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың елдің мәдени өміріне белсенді араласуына жол ашады.
«Тұран даласының күйлері» байқауы – ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, халқымыздың бай мәдени мұрасын құрметтеуге және шығармашыл ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңызды жоба. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтар дәріптеліп, жастардың рухани дүниесі байып, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын белсенді әрі дарынды ұрпақ қалыптасуына негіз қаланады.
