Түркістан қаласында жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы айқындаған жастар саясатының басым бағыттарын іске асыру аясында өңірде жастардың білім алуына, еңбекпен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына және еріктілік қызметке қатысуына кең мүмкіндік жасалып келеді. Сонымен қатар отбасы құндылықтарын сақтау, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру мәселелері де тұрақты назарда.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігін арттыру мақсатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтың төрағалығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Жиында отбасы институтын қолдау, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейту, әлеуметтік жобаларды жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Комиссия отырысында қоғамдағы өзгерістерге сәйкес отбасы құндылықтарын жаңаша форматта насихаттау, жастар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар жастар тәрбиесінде отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, ата-аналардың мектеп өміріне белсенді қатысуы, балалардың тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру және мектеп пен отбасының бірлескен жұмысын жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Жиын барысында психологиялық қолдау көрсету тетіктерін кеңейту мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда қоғамда психологиялық қызметтің маңыздылығы артып келе жатқанын ескерген комиссия мүшелері қысқа мерзімді психологиялық оқыту курстарын ұйымдастырудың тиімділігіне тоқталды. Мұндай курстар тұрғындардың эмоционалдық саулығын нығайтуға, отбасы ішіндегі өзара түсіністікті арттыруға және түрлі әлеуметтік мәселелердің алдын алуға ықпал етеді.
Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттағы әйелдерді кәсіпкерлікке және еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейту ұсынылды. Әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру – отбасының әл-ауқатын жақсартудың маңызды тетіктерінің бірі. Осыған байланысты кәсіптік оқыту, жаңа мамандықтарды игеру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және шағын кәсіп ашуға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Комиссия отырысында жастардың тарихи санасын қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық тарихты дәріптеу, тарихи тұлғалардың өмір жолын жастарға үлгі ету және олардың еңбегін қазіргі заманғы цифрлық платформалар арқылы кеңінен насихаттау жөнінде ұсыныстар қаралды. Жаңа медиа құралдары арқылы тарихи-танымдық контентті көбейту жастардың ұлттық болмысын нығайтып, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға оң әсер ететіні айтылды.
Жастар саясатын іске асыру бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының есебі тыңдалды. Бүгінде Түркістан қаласында 14 пен 35 жас аралығындағы 78 563 жас тұрады. Бұл қала халқының шамамен 31 пайызын құрайды. Сондықтан жастармен жүргізілетін жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыты болып саналады.
Жастар ресурстық орталығы жастарды қоғамдық өмірге белсенді тарту, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері әскери-патриоттық тәрбиеге арналған 50 іс-шара өткізіліп, оған 4 620 жас қатысты. Мұндай кездесулер жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, тарихи жадыны сақтауға және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.
Ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Әжелер алқасының» қатысуымен ұйымдастырылған кездесулерде үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен ұлттық салт-дәстүрлердің тәрбиелік маңызы жастарға кеңінен насихатталды. Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Қоғамда еріктілік мәдениетін дамыту да жастар саясатының маңызды бағыты болып қала береді. Түркістан қаласында жыл басынан бері 1 272 жастың қатысуымен 30 волонтерлік акция ұйымдастырылды. Еріктілер қарттар мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, экологиялық бастамаларға қатысу, қайырымдылық шараларын өткізу және түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Волонтерлік қызмет жастардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзара көмек пен ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 1 565 жастың қатысуымен 14 сенбілік өткізілді. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және туған өлкеге жанашырлық таныту жастар арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Жиын қорытындысында комиссия мүшелері жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау, әйелдерді қолдау тетіктерін жетілдіру, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру және еріктілік қозғалысын дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жүйелі жалғастыру жөнінде нақты міндеттер белгіледі.
Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану, отбасы институтын нығайту және қоғамдық келісімді сақтау – өңірдің тұрақты дамуының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан бастамалар жастардың жан-жақты дамуына, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және ұлттық құндылықтарға негізделген саналы ұрпақ қалыптастыруға бағытталған кешенді мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
