Бүгін Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов көпбалалы аналармен кездесіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 29 мамырдағы №1247 Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстады.
Салтанатты жиын барысында Мадияр Әліпов аналарды марапаттарымен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше еңбегіне тоқталды.
– Қазақ халқы ананы әрдайым ардақтап, оның қадір-қасиетін жоғары бағалаған. Сіздер – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тірегісіздер. Елдің ертеңі болатын саналы ұрпақты тәрбиелеп отырған асыл жандарсыздар. Сіздерге көрсетілген құрмет – ұлт болашағына деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Отбасының берекесі мен елдің бірлігі ең алдымен ана тәрбиесінен бастау алады. Сондықтан мемлекетіміз ана мен баланы қолдау, көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Сіздердің ерен еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланып, лайықты құрметке ие бола береді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Шара барысында көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табысталып, олардың ел демографиясын арттыру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегі ерекше атап өтілді.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері – аналардың бала тәрбиесіне сіңірген еңбегіне, отбасындағы жауапкершілігіне және қоғамдағы белсенді рөліне берілген жоғары мемлекеттік марапат. Бұл марапаттар көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың, ана мәртебесін арттыруға бағытталған әлеуметтік саясаттың маңызды нәтижелерінің бірі болып саналады.
Кездесу барысында марапат иелері көрсетілген құрметке алғыстарын айтып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың отбасы институтын нығайтуға зор ықпал ететінін жеткізді. Олар бүгінгі ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елін сүйетін азаматтарды тәрбиелеу әрбір ананың қасиетті борышы екенін атап өтті. Сонымен қатар көпбалалы аналар жас отбасыларға ізгі тілектерін арнап, татулық пен өзара сыйластыққа негізделген берекелі отбасының қоғам дамуының басты тірегі екенін айтты.
Жиын барысында аналарға гүл шоқтары тарту етіліп, естелік суретке түсу рәсімі өтті. Еркін форматтағы кездесуде қатысушылар ана мен баланы әлеуметтік қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту, балалардың сапалы білім алуы мен олардың жан-жақты дамуына жасалып жатқан жағдайлар жөнінде пікір алмасты.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 17 264 көпбалалы ана тұрады. Оның ішінде 1 250 ана – «Алтын алқа», 2 749 ана – «Күміс алқа» иегері. Сонымен қатар I–II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 81 ана бар. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар 13 122 ана тіркелген. Бұл көрсеткіштер Түркістан қаласында отбасы институтының берік қалыптасқанын және көпбалалы отбасыларды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Түркістан қаласында ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту және демографиялық өсімді қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту, көпбалалы отбасылардың тұрмыс сапасын арттыру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жобалар іске асырылып келеді. Осындай тағылымды кездесулер қоғамда ананың мәртебесін көтеріп, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге ықпал етеді.
