• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТАҒЫ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Автор:admin

Июн 15, 2026

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев төрағалық етті.
Мәжіліске облыстық полиция департаменті, білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, төтенше жағдайлар саласының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Комиссия отырысының негізгі күн тәртібі – жазғы демалыс кезеңінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу шараларын күшейту мәселелеріне арналды.
Жиында жазғы сауықтыру маусымы кезінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау, балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жасөспірімдер арасындағы психологиялық ахуалды бақылау және өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің профилактикасы бағытындағы жұмыстар қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты басқармалар мен мекеме өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді ортаға салды. Баяндамалар барысында балалардың жазғы уақытын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру, оларды пайдалы шараларға тарту және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту бағыттарына ерекше назар аударылды.
Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев балалардың қауіпсіздігі – барлық жауапты мекемелер үшін басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Балалардың жазғы демалысы мазмұнды әрі қауіпсіз өтуі үшін барлық сала мамандары бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Әсіресе су айдындарында, қоғамдық орындарда және жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше мән беру керек. Әрбір баланың өмірі мен денсаулығын қорғау – ортақ жауапкершілік, – деді Ертай Алтаев.
Жиында жауапты мекемелерге жазғы демалыс уақытында балалардың бақылаусыз қалуының алдын алу, ата-аналармен профилактикалық жұмыстарды күшейту, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар аудандық және қалалық әкімдіктерге оқумен қамтылмаған немесе түрлі себептермен бақылаудан тыс қалған балаларды анықтау, оларды білім беру ұйымдарына тарту, жазғы лагерьлерге, спорттық секцияларға, мәдени және шығармашылық іс-шараларға қатыстыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу міндеттелді.
Комиссия отырысында балалардың құқықтарын қорғау бағытында жүргізілетін профилактикалық шаралардың маңыздылығы да айтылды. Мектептерде, аула клубтарында және балалар демалыс орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ медициналық ұйымдар мен құқық қорғау органдарына балалар арасында жарақаттану жағдайларының алдын алу, төтенше жағдайлардың болуына жол бермеу және қажет болған жағдайда жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіру тапсырылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту жөнінде нақты міндеттер белгіленді.
Айта кетейік, Түркістан облысында кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар көрсеткіші тұрақты түрде төмендеу үрдісін көрсетуде.
Балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жан-жақты дамуына жағдай жасау – облыстағы басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *