Бүгін Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыстық ардагерлер ұйымдарының қызметіне жүргізілген мониторинг қорытындыларын саралау және алдағы кезеңге арналған даму жоспарларын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті.
Тағылымды басқосуға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының жауапты хатшысы Балзия Тәжібаева, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жастар саясаты департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Ақтаев, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің төрағалары, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, білім беру мекемелерінің өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері және ауыл белсенділері қатысты.
Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Ақтаев ашып, ардагерлер ұйымдарының қоғамдағы орны мен маңыздылығына тоқталды. Ол аға буын өкілдерінің қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарға бағыт-бағдар беру және ел бірлігін сақтау жолындағы еңбегін атап өтті.
Кеңейтілген жиын барысында Түркістан облысы бойынша ардагерлер ұйымдарының қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар ардагерлер кеңестерінің атқарған жұмыстарына баға беріп, олардың қоғамдық бастамаларға қатысуы, әлеуметтік мәселелерді шешуге қосып отырған үлесі, жастармен байланысын күшейту бағытындағы жұмыстарын саралады.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының жауапты хатшысы Балзия Тәжібаева өз баяндамасында ардагерлер ұйымдарының негізгі бағыттарына тоқталып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын міндеттер туралы айтты. Ол аға буын өкілдерінің қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалану, отбасы құндылықтарын нығайту және ұлттық дәстүрлерді насихаттау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Жиында сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын жүйелеу, қоғамдық жобаларға белсенді қатысу және ардагерлердің тәжірибесін жастарға кеңінен насихаттау мәселелері қаралды.
Кездесу барысында «Жастар тәрбиесі – қоғамның басты міндеті» тақырыбында мазмұнды баяндама жасалды. Баяндамада өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениетін арттыру және жастар арасында дұрыс бағыт-бағдар қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбеков жастар тәрбиесінде аға буын өкілдерінің рөлі ерекше екенін атап өтіп, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен тағылымды жолын жас ұрпаққа үлгі ету маңызды екенін жеткізді.
– Жастардың бойына елге деген сүйіспеншілік, жауапкершілік және азаматтық ұстанымды қалыптастыруда қоғамның барлық институты бірлесе жұмыс істеуі қажет. Бұл бағытта ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі үлкен мәнге ие, – деді Қайрат Анарбеков.
Жиын барысында қатысушылар ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайту, тәрбиелік бағыттағы бірлескен жобаларды көбейту, білім беру ұйымдарымен байланысты күшейту және қоғамдық жұмыстарға жастарды кеңінен тарту жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің жұмысын жетілдіру, олардың бастамаларын қолдау және қоғамдағы беделін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Жиын қорытындысында ардагерлер ұйымдарының қоғамдағы рөлін одан әрі арттыру, ұрпақтар сабақтастығын дамыту және жастар тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты міндеттер айқындалды.
Қатысушылар аға буынның өнегелі өмір жолы мен мол тәжірибесі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екенін атап өтті. Ардагерлердің ақыл-кеңесі мен жастардың жаңашыл бастамалары ұштасқанда ел дамуына тың серпін беретін маңызды күш қалыптасатыны айтылды.
Ардагерлер – қоғамның рухани тірегі болса, жастар – елдің жарқын болашағы. Сондықтан олардың арасындағы байланыс пен өзара сабақтастықты нығайту – тұрақты дамудың маңызды кепілі екені ерекше атап өтілді.
