• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

«АДАЛ АТА-АНА — ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» АУДАНДЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Автор:admin

Июн 5, 2026

«Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» атты аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды.
Ұлттың келешегі мен бала тәрбиесі мәселесін арқау еткен тағылымды жиынға ата-аналар, білім саласының қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, өскелең ұрпақтың болашағына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.
Форум шымылдығы отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиенің мәнін тереңінен бейнелеген «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» театрландырылған қойылымымен түрілді. Көрерменге ой салған қойылым алғашқы сәттерден-ақ бала тәрбиесі мен ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігін айшықтады.
Форумның ашылуында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ұлт болашағын айқындайтын басты құндылық – сапалы білім мен саналы тәрбие екенін атап өтті.
Аудан басшысы соңғы жылдары ауданда білім беру саласының әлеуетін арттыру, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ білімді, білікті және отаншыл ұрпақ тәрбиелеу мемлекет дамуының негізгі тірегі екенін айтып, бүгінгі форумның да түпкі мақсаты жас буынды елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін азамат етіп қалыптастыруға үндейтінін ерекше атап өтті.
– Ұрпақ тәрбиесі мектеп табалдырығынан емес, отбасы бесігінен басталады. Баланың бойындағы алғашқы мінез, алғашқы құндылық, алғашқы жауапкершілік ата-ананың өнегесі арқылы қалыптасады. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ең маңызды міндеттердің бірі – отбасы мен мектептің өзара ықпалдастығын нығайту. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі, – деді аудан басшысы.
Форумның негізгі бөлімінде бала қауіпсіздігі, құқықтық мәдениет, ұлттық тәрбие және ата-аналық жауапкершілік тақырыптары кеңінен қозғалды.
Созақ ауданы прокурорының орынбасары Асылбек Туршеков құқықтық сауаттылықты арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, қоғам болып жұмыла әрекет етудің маңызын атап өтті.
Ал қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазықызының баяндамасы форумның тағылымды өзегіне айналды.
Көпшілік алдында мазмұнды ой қозғаған спикер қазіргі қоғамдағы ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыстың әлсіреу қаупіне назар аударып, ұлттың тұғыры ұлттық тәрбиеде екенін тебіреніспен жеткізді. Бала тәрбиесі тек қамқорлық пен бақылаудан тұрмайтынын, ең алдымен жүрек тәрбиесі, ар-ождан тәрбиесі екенін айтты.
Ұлт жанашыры өз сөзінде баланың бойына адалдық, мейірім, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді сіңірудің маңызын тарқатып, ұлттық құндылықтардан ажыраған ұрпақтың рухани тамырынан қол үзіп қалатынын әсерлі мысалдармен жеткізді.
Оразкүл Асанғазықызының тағылымға толы тұшымды ойлары мен өмірлік тәжірибеден өрілген пайымдары форумға қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Форум аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев бұған дейін ата-аналар комитетіне жетекшілік еткен Мақсат Жеңісұлына аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар, аудандық ата-аналар комитетінің жаңа құрамы таныстырылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Қорытынды кезеңде көпшілік назарына ұсынылған «Үміт шырағы» театрландырылған қойылымы форумның тәрбиелік мазмұнын байытып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *