• Вт. Июл 14th, 2026
Популярные метки

БАЛАЛАРДЫҢ КҮЛКІСІ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ: АУДАН ӘКІМІ БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Автор:admin

Июн 19, 2026

Балалардың шат күлкісі мен жарқын болашағы – кез-келген қоғамның басты құндылығы. Жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алып, алаңсыз өсуіне жағдай жасау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болса, бұл іске жергілікті атқарушы билік те ерекше көңіл бөліп келеді.
Осы мақсатта аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов арнайы ескертусіз Асықата кентіндегі бірнеше балабақшаны аралап, ондағы тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлармен танысты. Аудан басшысы мекемелердің материалдық-техникалық базасын көріп, тәрбиешілермен және қызметкерлермен тілдесті. Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударып, сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мекемелердің күнделікті қызметіне қатысты өзекті мәселелердің шешілу жолдарын талқылады. Әрбір ұсыныс пен өтінішке мұқият құлақ асып, балаларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Аудан басшысы балабақшаларда тек ересектермен ғана емес, бүлдіршіндермен де еркін әңгімелесіп, олардың арман-мақсаттарын тыңдады. Болашақта дәрігер, ұстаз, әскери қызметкер, ғалым болуды армандайтын кішкентай жеткіншектердің шынайы әңгімелері мен балалық тілектерін айтқан бүлдіршіндермен естелік суретке түсіп, жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ, Серік Үсенұлы балабақша тәрбиеленушілері мен «Үміт ұясы» қимыл-тірек қозғалысы бұзылған балаларға арналған күндіз болу орталығында қызмет алатын 400-ге тарта бүлдіршінге өз атынан тегін балмұздақ үлестірді. Күтпеген сыйлық балалардың қуанышын еселеп, жүздеріне шаттық сыйлады.
Айта кету керек, аудан әкімінің бұған дейін де мұндай қайырымдылық және әлеуметтік қолдау шараларына атсалысып, өз атынан демеушілік жасап, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау білдіріп, түрлі мерекелер қарсағында бүлдіршіндерге сый-сияпаттар тарту етіп келе жатқаны тұрғындарға жақсы таныс. Сонымен қатар, білім, мәдениет және спорт салаларындағы бірқатар игі бастамаларға қолдау көрсетіп, балалардың жан-жақты дамуына бағытталған шаралардың жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Осындай игі істер арқылы жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, олардың қуанышын бөлісу – қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтудың жарқын үлгісі. Өйткені, балаға жасалған қамқорлық – болашаққа салынған ең құнды инвестиция. Ал, балалардың шат күлкісі мен бақыты – ел ертеңінің сенімді кепілі.
Балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету – тек бір күндік шаралармен шектелмейтін, тұрақты назарды қажет ететін маңызды бағыттардың бірі. Бүлдіршіндердің бойындағы қабілеттерді ерте жастан дамыту, олардың шығармашылыққа, спортқа және білімге деген қызығушылығын арттыру – болашақта бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың негізі.
Осы ретте балабақша ұйымдарының атқаратын рөлі ерекше. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру кезеңі баланың тұлға ретінде қалыптасуының алғашқы баспалдағы саналады. Сондықтан тәрбиеленушілерге қолайлы жағдай жасау, заманауи әдістерді қолдану және білікті мамандардың еңбегін қолдау – маңызды міндеттердің бірі.
Аудан әкімімен кездесу барысында бүлдіршіндердің қуанышты жүздері мен еркін әңгімесі балаларға көрсетілген қамқорлықтың нақты көрінісіне айналды. Мұндай кездесулер балалардың өздерін қоғамның назарындағы маңызды тұлға ретінде сезінуіне, олардың бойында сенім мен жігер қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш. «Үміт ұясы» орталығында тәрбиеленіп, қызмет алып жүрген балаларға жасалған қамқорлық олардың күнделікті өміріне оң әсер етіп, ата-аналарға да үлкен қолдау береді.
Балаларға арналған әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық бастамалардың жүзеге асуы қоғамдағы өзара көмек пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады. Әрбір балаға жасалған қамқорлық оның болашағына деген сенімін арттырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуына мүмкіндік береді.
Жетісай ауданында да балалардың құқығын қорғау, олардың сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау, денсаулығын нығайту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жалпы, аудан әкімінің бүлдіршіндерге жасаған бұл сыйлығы – қарапайым ғана тәтті тарту емес, балаларға деген үлкен ықылас пен қамқорлықтың белгісі. Баланың күлкісі мен қуанышын бағалау – қоғамның болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі. Бақытты бала – бақытты елдің кепілі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *