Бүгінде Шымкентте заңсыз құрылыспен күрес жұмыстары қызу жүргізілуде. Жыл басынан бері қалада 21 құрылыс нысаны бойынша 63 хаттама толтырылып, құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін қала әкіміне саланың биылғы жоспарлары баяндалған жиында орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы баяндады.
Қазір мегаполис аумағында заңсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау бойынша аудан әкімдіктерімен бірлесе мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
«Қалада заңсыз құрылысқа жол берілмеу керек. Бұл бағыттағы шараларды күшейту қажет. Сондай-ақ, салынатын құрылыс нысандарын алғашқы кезеңнен бастап барлық талаптарға сай қатаң қадағалаңыздар. Сапасыздықты алдын алу үшін нысандарға қатысты соңғы қорытындыны шығаратын техникалық бақылаушылардың жауапкершілігін артыру қажет» — деді.
Сондай-ақ қала басшысы саладағы түйіткілді мәселелерге де тоқталды. Жаңа шағынаудандарда бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарына тексеру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі