Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілер арасында дәстүрлі «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының екінші кезеңі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, қазақ тіліне деген құрметті арттыру, әскери қызметшілерді мемлекеттік тілді жетік меңгеруге ынталандыру және осы бағыттағы озық тәжірибені кеңінен тарату.
Аталған байқау Ұлттық ұланда бірнеше жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын оның мазмұны жаңарып, қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтілуде. Тілдік білімді ғана емес, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптейтін бұл сайыс жеке құрамды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Байқауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Талдықорған және Алатау қалаларында орналасқан әскери бөлімдерден келген 11 әскери қызметші қатысты. Сайыскерлер өздерін таныстыру, мемлекеттік тілде еркін сөйлеу, білім деңгейін көрсету және шығармашылық тапсырмалар бойынша бақ сынасты.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды 5571 әскери бөлімінің кіші сержанты Владислав Сарган иеленді. ІІ орын 5572 әскери бөлімінің офицері аға лейтенант Кирилл Канашевияға бұйырды. ІІІ орынды 3660 әскери бөлімінің кіші сержанты Рустам Исабеков пен 7552 әскери бөлімінің лейтенанты Ислам Қасымов өзара бөлісті. Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқаудың екінші күні мемлекеттік тілді енгізу және дамыту бағытында қызмет атқарып жүрген тіл мамандарының кәсіби кездесуі ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасты және атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Мемлекеттік тілді қызметтік ортаға енгізу, оқыту және насихаттау жұмыстарының нәтижесі бойынша 5571 әскери бөлімінің әдіскері аға лейтенант Мерей Байсеркеева І орынға ие болды. ІІ орынды 3660 әскери бөлімінің әдіскері аға лейтенант Әлия Әбдіғалиева жеңіп алса, ІІІ орынды 6698 әскери бөлімінің тіл маманы капитан Малика Шынжігітова мен 5572 әскери бөлімінің тіл маманы кіші сержант Ақерке Байкөжекова иеленді.
–Мемлекеттік тіл – еліміздің бірлігін нығайтатын, ұлтты ұйыстыратын басты құндылықтардың бірі. Бүгінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұл байқау әскери қызметшілердің тілдік құзыретін жетілдіріп қана қоймай, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етеді, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға офицері подполковник Салтанат Есмұханова.
Мұндай іс-шаралар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, әскери ортада қазақ тілінің мәртебесін арттыруға және жеке құрам арасында тіл мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізуде.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
