Қаладағы «Жасыл белдеу» КММ орман шаруашылығы аумағында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Іс-шара барысында орман-дала өртін сөндіру тактикасы пысықталды.
2026 жылғы 28-29 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Аталған іс-шара азаматтық қорғаудың аумақтық басқару органдарының, күштері мен құралдарының табиғи өрттер туындаған кездегі іс-қимылдарға дайындығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Оқу-жаттығуды үйлестіру және оған жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Қостанай қаласында орналасқан. Іс-шара аясында Шымкент қаласында екі күн бойы өрт қауіпті кезеңге дайындықты пысықтауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бүгін Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Т.Мадиевтің жетекшілігімен «Жасыл белдеу» мекемесіне қарасты «Қайнар бұлақ» орман шаруашылығында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — орман-дала өрттері кезінде орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын жетілдіру, сондай-ақ, төтенше жағдайларға ден қою тетіктерін іс жүзінде пысықтау.
Іс-шара барысында азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының саптық байқауы ұйымдастырылып, жедел әрекет ету мүмкіндіктері тексерілді. Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде құрғақ шөп пен қатты желдің әсерінен табиғи өрттің таралу жылдамдығы бірнеше есе артады. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулар қауіптің алдын алуда ерекше маңызға ие.
Жоспарға сәйкес, қатты жел салдарынан орман шаруашылығына шекаралас аумақта орналасқан жоғары қуатты электр желілерінің сымдары үзіліп, салдарынан өрт шыққан. Оқиға орнына жедел түрде күштер мен құралдар жұмылдырылып, қауіпсіздік мақсатында тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Азаматтық қорғау қызметтерінің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің нәтижесінде тілсіз жау қысқа уақыт ішінде толықтай оқшауланып, сөндірілді.
Іс-шара қорытындысына сәйкес, азаматтық қорғау қызметтерінің өрт қауіпті кезеңге дайындығы бойынша тыңдалым өткізілді. Айта кетейік, оқу-жаттығуға азаматтық қорғау қызметтерінен жалпы саны 134 маман мен 37 бірлік техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу барысында шартты төтенше жағдайларға байланысты жедел ақпараттарды қабылдау, күштерді бағыттау, эвакуациялық және профилактикалық іс-шараларды үйлестіру мәселелері пысықталды.
