Бала – ұлттың болашағы, ел ертеңінің сенімді жалғасы. Сондықтан жас ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбиемен өсуі, өнер мен мәдениетке жақын болуы – қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе баланың бойындағы талантты ерте байқап, оны дамытуда отбасының, ұстаздың және қоғамның рөлі ерекше. Осы бағытта бүгінде Түркістан облысында балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға арналған жобалар мен фестивальдер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Осындай тағылымы мол әрі ауқымды шаралардың бірі – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан қаласында өткен “Шабыт шыңы” облыстық өнер фестивалінің қорытынды гала-концерті болды. Жас таланттардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған мерекелік кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Түркістан облысы білім басқармасының Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған өнер фестиваліне облыстың аудан-қалаларынан мыңдаған дарынды оқушылар мен жас өнерпаздар қатысты. Фестиваль аясында балалар вокал, хореография, аспапта орындау, көркем сөз және театр жанрлары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Аталған өнер мерекесінде Түлкібас ауданының намысын қорғаған Балалар өнер мектебінің Хореография үйірмесінің “Қаракөз” би тобы ерекше өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жас бишілер облыстық “Шабыт шыңы” өнер фестивалінің гала-концертінде әсерлі би қойылымын сахналап, кештің шымылдығын ашты.
Сахна төрінде ұлттық нақыш пен заманауи үйлесімді ұштастырған талантты бишілер өздерінің жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберліктерін көрсете білді. Әсем би қимылдары, сахналық мәдениеті мен көркем киім үлгілері көрермен назарын аударып, ерекше әсер қалдырды. Өнерпаздардың сахнадағы еркіндігі мен шығармашылық ізденісі олардың үлкен дайындықпен келгенін аңғартты.
“Қаракөз” би тобының шығармашылық жетістігінің артында кәсіби біліктілігі мен тынымсыз еңбегі жатқан жетекшісі – Жодаманова Дина Балмағанбетқызының еңбегі зор. Ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі ізденісі, шығармашылыққа деген жауапкершілігі мен балаларға деген жанашырлығы жас бишілердің өнер жолында биік белестерді бағындыруына мүмкіндік беруде.
Бүгінде Түлкібас ауданында балалардың шығармашылық қабілетін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Аудандағы өнер мектептері, мәдениет мекемелері мен білім ұйымдары балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды өнер мен мәдениетке баулуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың рухани дамуына оң әсер етіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де ықпал етуде.
Әсіресе мұндай өнер фестивальдерінің тәрбиелік маңызы зор. Себебі өнерге жақын өскен бала рухани бай, мәдениетті әрі ұлттық құндылықтарды құрметтейтін тұлға болып қалыптасады. Сонымен қатар шығармашылықпен айналысу балалардың өзіне деген сенімін арттырып, олардың қоғамдық ортада еркін дамуына мүмкіндік береді.
Баланың өнерге жақын болып өсуінде отбасының орны ерекше. Ата-ананың қолдауы мен қамқорлығы – жас таланттардың шығармашылық жолдағы алғашқы әрі ең үлкен тірегі. Бүгінде Түлкібас ауданында көптеген ата-аналар балаларының өнермен айналысуына жағдай жасап, олардың қабілетін дамытуға қолдау көрсетуде. Бұл өз кезегінде отбасы құндылықтарының нығаюына және бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің артуына ықпал етуде.
Қазақ халқы қашанда өнер мен тәрбиені қатар ұштастырған. “Баланы жастан” деген ұғымның астарында ұрпақ тәрбиесіне деген үлкен жауапкершілік жатыр. Сондықтан бүгінгі таңда балаларды өнерге баулу – тек шығармашылықты дамыту ғана емес, сонымен бірге ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттаудың маңызды тетігі болып саналады.
“Шабыт шыңы” фестивалі де осы мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналып отыр. Мұндай шаралар балалардың талантын танытып қана қоймай, олардың достық қарым-қатынасын нығайтып, шығармашылық тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл фестивальдер жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.
Гала-концерт барысында ұлттық нақыштағы билер, халық әндері, заманауи шығармалар мен әсерлі театрландырылған қойылымдар сахналанып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Жас өнерпаздардың әрбір өнер көрсетуі балалардың шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.
Түлкібастық жас бишілердің өнер фестиваліндегі жетістігі аудан мәдениеті мен өнерінің дамып келе жатқанын аңғартады. Бұл – ұстаздардың еңбегі мен ата-аналардың қолдауының жемісі. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жас таланттар үлкен сахналарда өнер көрсетіп, аудан мерейін асқақтатуда.
Алдағы уақытта да Түлкібас ауданында балалардың шығармашылығын дамытуға, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық тәрбиені дәріптеуге бағытталған жұмыстар жалғасын таба бермек. Себебі өнерлі, тәрбиелі әрі рухани бай ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.
