• Чт. Апр 23rd, 2026
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІНЕ АРНАЛҒАН АПТАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Автор:admin

Апр 23, 2026

Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған «Руханиятқа жол – кітаптан» атты апталық мәдени іс-шара өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған рухани бастама қорытындыланып, қала тұрғындарын кітап айналасына топтастырған ауқымды жоба жоғары деңгейде аяқталды.

Іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, апталық барысында қалалық кітапханалар білім мен мәдениеттің ашық алаңына айналды. Әдеби кештер, кітап көрмелері, оқу марафондары, авторлармен кездесулер және ашық аспан астындағы оқу аймақтары тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттырды. Әсіресе, жас буынның белсенділігі ерекше байқалып, олардың классикалық және заманауи әдебиетке қызығушылығының артқаны анық көрінді.

Сонымен қатар, кешкі және түнгі форматтағы квест ойындар, әдеби квиздер мен «еркін микрофон» кездесулері оқырмандарға жаңа серпін беріп, кітап оқудың заманауи әрі тартымды үлгілерін ұсынды. Кітап тақырыбындағы фильм көрсетілімдері мен кітап клубтарының жұмысы да апталық мазмұнын толықтыра түсті.

Салтанатты қорытынды кеште кітапхана саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың рухани құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі ерекше аталып өтті. Марапаттау рәсімі сала мамандарының мәртебесін арттырып, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түсті.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы сөз сөйлеп, кітаптың қоғамдағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық кітап күні – ел руханиятын нығайтатын маңызды мерекелердің бірі. Қазіргі таңда қоғамда кітапқа деген қызығушылықтың артып келе жатқаны байқалады, әсіресе классикалық әдебиет пен өзекті тақырыптарды қозғайтын еңбектерге сұраныс жоғары. Бұл үрдіс жас буын арасында да кеңінен таралуда. Сонымен қатар, цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған заманда оқу мәдениеті ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактор ретінде өз маңызын жоғалтпайды.

Кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, өнер мен әдебиеттің өзара байланысын айшықтады. Музыкалық және сахналық қойылымдар көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Жалпы, бұл бастама кітаптың қоғамдағы маңызын тағы бір айқындап, оқу мәдениетін дамытуға серпін берді. Кітап – руханияттың темірқазығы әрі ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын негізгі құндылықтардың бірі екені тағы да дәлелденді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *